Ғарышкерлер Алакөл жерінде

Туризм саласы үшін таптырмас мекен саналатын Алакөл өңірі сонғы бес жылдықта қарқынды даму даңғылына түсіп, күн өткен сайын бәсекеге бейімділігін арттырып келеді. Былтыр көл жағалауына 750 мыңға жуық мейман сапарлай келсе, биыл бұл межені 1 миллионнан асыру көзделіп отыр. Осы мақсатта ілкімді істер атқарылып, демалыс аймақтарын көркейту, ол жерлердегі инфраструктураны дамыту, қызмет көрсету бағытында бірталай жұмыстар өз арнасына түсті. Шипалы көлді бойлай құлашын жайған Ақши, Көктұма ауылдары шекара сыртындағы белгілі демалыс аймақтарының ізін қуып келе жатқанын мақтана айтуға болады. Жуырда осы өңірге арнайы іс-сапармен келген Елбасы Н.Назарбаев Алакөлдің туризм саласындағы бәсі жоғары екендігін баса айтқан болатын.

Осы орайда Мемлекет басшысының Алакөлді дамыту тапсырмасының аясында курорттық аймаққа ішкі және ресейлік туристердің легін арттыру мақсатында қос елдің ғарышкерлері көл жағалуына келіп тоқтады. Себебі емдік қасиеті бар көлдің суы Кеңес одағы кезінде ғарыш сапарынан келген азаматтарды қайта қалпына келтіру мақсатында пайдаланылғаны да белгілі.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған бұл сапарда Қазақстанның Халық қаһарманы, авияция генерал-лейтенанты, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ғарышкер Талғат Мұсабаев, Кеңес одағының батыры Анатолий Арцебарский, Қазақстанмен Ресейдің ғарышкері, қос мемлекеттің Халық қаһарманы Юрий Маленченко, Ресей Федерациясының ғарышкері, заң ғылымдарының докторы, профессор Юрий Батурин сынды белді, белгілі азаматтар киелі өңіріміздің топырағына табан тіреді. Құрметті қонақтарды аудан әкімі Әлібек Жақанбаев әуежайдан арнайы күтіп алып, Алакөлдің тыныс-тіршілігімен таныстырды.

Артынша Ақши ауылындағы «Grand Villa Resort» қонақ үйінде ғарышкерлер журналистермен кездесу өткізіп, өз әсерлерімен бөлісті.

Қадірлі меймандарымыздың құрамында болған ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің төрайымы Майнюра Мурзамадиева көлдің киелігі мен шипалық қасиеті ықылым замандардан бері белгілі болғандығын, сол заматтарды қан майданнан қайтқан қазақ баытлары осы жерден ем қабылдап, сырқаттарынан айықандығын жеткізді.

«Kazakh Tourism» ақпаратты-сараптамалық департаментінің директоры Батыр Қонақбаев: «Біз бұл шараны ғарышкерлердің Алакөлге келу салтын қайта жаңғырту үшін ұйымдастырып отырмыз. Тарихи деректерге сүйенсек олардың ғарышқа жасалған сапарларынан кейінгі қайта қалыпқа келтіру процессі көлдің Шығыс Қазақстан облысына қарасты бөлігінде жүзеге асқан. Сондықтан бұл жолы ғғарышкерлерді Алматы облысына тиісті жағалауға әкеліп отырмыз»,- десе, облыстық туризм басқармасының басшысы Жанар Алшымбаева: «Құрамында радон, сілті және басқа да пайдалы элементтері бар Алакөлдің емдік суы тері және тірек-қимыл жүйесімен байланысты ауруларды емдеуге,  жүйке жүйесі мен ағзаның жалпы күйін жақсартуға әсер етеді»,- деп сөзді толықтырып кетті.

Артынша ғарыш кеңістігін бағындырған үш қазақ баласының бірі Т.Мұсабаева демалыс аймағының, қызмет көрсету деңгейінің көңілінен шыққандығын жеткізіп, бұл жерге келіп тынығу әр қазақстандыққа бұйырсын деген тілегін білдірді.

Сондай-ақ Ресей Федерациясынан арнайы келген А.Арцебарский, Ю.Маленченко, Ю.Батурин сынды ғарышкерлер Алакөлден алған алғашқы әсерлерін ортаға салып, тау мен көл қатар үйлесім тапқан өңірімізге міндетті түрде қайта келетіндерін айтып өтті.

Осындай белгілі азаматтардың ауданымызға ат басын тіреулері осындағы туризм саласының қарқынды дамуына өз үлесін қосары сөзсіз. Бұл үрдіс өз жалғасын таба берсе Алакөл болашақта миллиондаған мейман қабылдап, мемлекет қазынасына миллиардтаған қаржы құятын алпауыт демалыс аймағына айналатыны күмәнсіз.

АЛМАТ ЕСЕНБЕКОВ.

 

Мәліметпен бөлісу: