Қасиет тұнған ұлы ұғым

Тәуелсіздікке қол жеткізгелі еліміз талай сыннан өтіп, дағдарыстарды бастан өткерді. Көптеген қиындықтарға төтеп берді. Ескі әлемнің аясында қалып кетпес үшін экономикалық, саяси, стратегиялық маңызы бар түрлі бағдарламалар әзірленіп, әлемдік аренаға шығудың қамына кірістік.

Осы ретте мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың  «Тәуелсіздік бәрінен қымбат»  атты мақаласы жарияланды. Мұнда Президент елдегі бірқатар мәселені көтерді.  Шекарамыз толығымен шегенделгенін кейін құрлықтағы ғана емес, теңіздегі шекарамыз да біржола айқындалып, түпкілікті шешілгенін, қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейтінін, ешқашан сатылмайтынын мәлімдеді.

Дарынды жастарға қолдау көрсету мәселесі де назардан тыс қалмады. Президент азаттық жылдарында дүниеге келген, әлі танылып үлгермеген талантты жастарды қолдау мақсатында “Тәуелсіздік ұрпақтары” атты грант тағайындауды ұсынды.

Тәуелсіздік алған сәттен бастап ширек ғасыр ішінде біздің еліміз ішкі және сыртқы саясаттың барлық бағыттары бойынша орасан зор жетістіктерге қол жеткізді. Өзін-өзі тәуелсіз егеменді мемлекет ретінде жариялаған Қазақстан, қарқынды дамып келе жатқан экономикасы, тұрақты қоғамы және ауқымды жоспарлары бар ел ретінде әлемдік қауымдастықта өз орнын алды. Жаһандану заманындағы  қауіп қатерлерді ескере отырып, Қазақстан рухани және ұлттық құндылықтарын ұлықтап, тек қана алға ұмтылып келеді. Аталған барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы.

Тәуелсіз Қазақстанның таңы нұрлы, егемен еліміздің ұрпағының еңсесі биік болып, көк аспанда қасиетті көк туымыз мәңгі желбіресін!

П.ҚОЖАБЕКОВ,

Үшарал қалалық округі әкімшілігінің іс-жүргізу жөніндегі бас маманы.

Мәліметпен бөлісу: