Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы, ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалығымен «Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы» күн тәртібіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясы өтті.
Оған алты жүзден аса адам онлайн қатысты. Олардың арасында барлық өңірдегі Ассамблея мүшелері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің басшылары, ҮЕҰ, ғылым, шығармашылық интеллигенция және БАҚ өкілдері бар.
Сессия барысында Елбасы Ассамблеяның алдына қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті одан әрі нығайту бойынша нақты міндеттер қойды. Сонымен қатар Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағалығын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды.
Ширек ғасырдың ішінде Ассамблея кеңес беруші ұйымнан парламентте өкілі бар жалпыхалықтық құрылымға айналды. Ол азаматтық қоғамның барлық үздік сипаттамасын өзіне сіңіре білді. Достық, бейбітшілік, тыныштық пен сенім Қазақстанның қоғамдық өмірінің ажырамас бөлігіне айналуы үшін маңызды үлес қосты. Ал Ассамблея мен Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі ажырамас ұғымға айналды. Алайда сессияны қорытындылай келе Елбасы төрағалық қызметті Президентке тапсырды. Бұл шешімді көпшілік күтпеген еді.
«Ассамблеяны басқару – өте жауапты жұмыс. Бұл – үлкен саясат»,- деді Президент. Артылған сенімге алғыс білдіріп, Елбасына ұйымның құрметті төрағасы болуды ұсынды.
Иә, Қазақстан отыз жыл ішінде халқы тату, бірлігі бекем, жері тыныш, қоғамы тұрақты, қуатты мемлекетке айналды. Бұл – шын мәнінде біз үшін мақтан тұтарлық жетістік. Сан түрлі ұлыстың басын біріктіріп, бір мақсатқа жұмылдыру – оңай шаруа емес. Ал Ассамблея тұрақтылықтың, бейбітшілік пен келісімнің шежіресі болып тарихта қалары анық.
Бірлігіміз бекем, тірлігіміз тұғырлы, Тәуелсіздігіміз ғұмырлы болсын деймін.
А.ӘЗІМБАЙ,
Алакөл гуманитарлық-техникалық коллледжінің психологі.