Астанаға Алакөлден тарту

Тақырға тау тұрғызу оңай оспақ еместігі әлмисақтан аян жайт. Алайда егемдігімізді еншіліп, жеке дара ел болған тұста Елбасының бастамасымен Сарыарқаның төсіне салтанатты қала тұрғызу ісі қолға алынып, жаңа астанамыз бой көтерген болатын. Міне енді кеше ғана Есілдің ерке самалынан да қисая қалатын жас терек мәуелі бәйтерекке айналып, жиырма жылдық тарихын тасқа қашады. Бұл береке-бірлікке құмар ұлтымыздың тастүйін ымырашылдығы мен мемлекет басшысының көреген саятасының ықпалы десек қателеспеспіз.

Жиырма жылдық межені еңсерген Елордамыздың мерейлі мерейтойына алакөлдіктердің де өзіндік сый-сияпаты болды. Аудан орталығы Үшарал қаласының шығыс беткейінде жеті гектер жер аумағында жаңа саябақ бой түзеп, оған «ASTANA» атауы берілді.

Төр қаламыздың төл мерекесінің қарсаңында аталмыш демалыс орнының ашылу салтанаты өтіп, сәні мен сәулеті астасқан жаңа нысан өз қызметін бастады.

Көптен бері талқылаудағы басты тақырыпқа айналған саябақты тамашалауға тұрғындар мыңдап жиналды.

Сөз алған аудан әкімі Ә.Жақанбаев 320 млн. теңгеге жұмсалып, Үшаралдың көркіне көрік үстеп тұрған демалыс орны тірліктері бөлек дөңгелегенмен, тілектері ортақ бұқараның бос уақыттарын тиімді өткізуге таптырмас мекен екендігін, сонымен қатар бұл жер талай тамаша күндеріміздің куәгері болатынынан күмәні жоқтығын жеткізді.

Келесі болып мінберге көтерілген алакөлдің атымтай азаматы Б.Оспанов көрсең көзің сүрінер көркемдікті еншілеген саябақтың ашылуымен жиналғандарды құттықтап, ақжарма тілегін ағытты.

Ізгі ниеттің тізгінін ұстаған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Байбазаров сапарлай келген меймандарға да именбей көрсетер, өзіміздің де сүйікті мекенге айналар орынға бас шаһарымыздың атауы беріліп, дәл мейрам қарсаңында халық игілігіне ұсынылуы жақсылықтың нышаны екендігін айтып өтті.

Артынша дәмі кетпеген дәстүріміз бойынша киесі кимешегінен сезілер әз әжелеріміз шашу шашып, әуезді әуеннің сүйемелдеуімен саябаққа алғашқы демалушылар да кірді.

Нағыз тосын сый аспан астындағы сахна төріне қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Мадина Сәдуақасова мен Бауыржан Исаевтың көтерілуі болды. Көбіне теледидардан тамашалап жүрген әншілермен бетпе-бет жолыққан халық алғашында абдырап та қалды. Екі сағатқа созылған концерттік бағдарлама барысында театр тарландары, сазды әуеннің ырғағымен сызыла билеген бишілер, көрермендердің жүрек қылын дөп шерткен қос жұлдымыз өз өнерлерін көрсетіп, елдің ықыласына ие болды.

Жеті гектар жер аумағында құлашын жайған саябақтың бой көтеруіне ұйытқы болған «Алакөл Жылу» ЖШС-нің басшылығы мен ұжымына да аудан әкімі ришашылығын жеткізіп, Алғыс хат табыстады.

Аталмыш мердігер компанияның тыңғылықты қызметінің арқасында алып һәм ажарлы демалыс орнына дем бітті. Әр келушіге айқара ашылған қақпадан кіре сала үлкен су бұрқақты, сол жағыңыздан ұлттық тағамдарымыз ұсынылатын қазақ үйді, оң жағыңыздан Елорданың символына айналған Бәйтеректің көшірмесін көре аласыз. Одан әріректе ашық аспан астындағы сахна, көрермендерге арналған орын, спорттық құрылғылар мен балалардың ойынына негізделген түрлі нысандар орын тепкен. Сонымен қатар саябақтың дәл орта тұсынан алып сағат және әр жерге әткеншектер қойылған. Бұның барлығы халық игілігі үшін атқарылған ауқымды істер.

АЛМАТ ЕСЕНБЕКОВ.

 

 

 

Мәліметпен бөлісу: