Баршаға мәлім болғандай, биыл «Атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойылған болатын.
Аталған Заң азаматтар мен өндіріп алушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге, атқарушылық іс жүргізу тетіктерін жетілдіруге, жеке сот орындаушыларының кәсібилігі мен жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ олардың қызметіне мемлекеттік бақылауды күшейтуге бағытталған.
Заңды қабылдау қажеттілігі атқарушылық заңнаманы қолдану практикасына және сот актілері мен өзге де атқарушылық құжаттарды орындау барысында туындайтын проблемалық мәселелерді шешу қажеттілігіне байланысты болды.
Заңның іске асырылуы сот актілерін орындаудың тиімділігін арттыруға, өндіріп алушылар мен борышкерлердің құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейтуге, негізсіз рәсімдерді қысқартуға және мәжбүрлеп орындатуды жүзеге асыратын тұлғалардың жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Тоқталсақ, қазіргі таңда мәжбүрлеп орындату саласында «робот сот орындаушысы» немесе «цифрлық сот орындаушысы», оңайлатылған іс жүргізу іске асырылуда.
Оңайлатылған іс жүргізу дегеніміз – аумақтық орган атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асыратын атқарушылық құжаттардың автоматтандырылған орындалуы.
Цифрлық сот орындаушының міндеті азаматтарға айыппұл сомасының 3% — дан 25% — на дейінгі мөлшердегі жеке сот орындаушысының қызметі үшін қосымша ақысыз айыппұлдарды төлеуге мүмкіндік беру болып табылады.
Жоба принциптерына сәйкес, атқару құжаты атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне түседі.
Келесіде оңайлатылған өндіріс автоматты түрде қозғалады, азаматтарға 1414-тен SMS хабарлама жолданады, әрі қарай күнтізбелік бес күн өткен соң робот сот орындаушы борышкердің шоттарына автоматты түрде тыйым салады, күнтізбелік 20 күннен кейін автоматты түрде инкассалық өкім қойылады.
Егер күнтізбелік 30 күн ішінде оңайлатылған атқарушылық іс жүргізу орындалмаған жағдайда, атқарушылық құжат жеке сот орындаушыларына мәжбүрлеп орындауға беріледі. Онда борышкерлер жеке сот орындаушысының қызметіне қосымша ақы төлеуге мәжбүр болады.
Осы орайда, азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту барысында, оңайлатылған тәртіп шегі ұлғайтылды, яғни мемлекеттік органдардың айыппұлдары мен салық берешектерін өндіріп алудың оңайлатылған (артық шығынсыз) тәртібінің шегі 20 АЕК-тен 40 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.
Сонымен қатар, биылғы жылғы жаңашылдықтардың бірі — алимент шоттарын қорғау мәселесі.
Ағымдағы жылғы 25 тамыздан бастап атқарушылық іс жүргізу, яғни сот орындаушылары арқылы өндірілетін алименттерді тек арнайы банктік шотқа (алименттік шотқа) аудару туралы жаңа заң күшіне енді.
Бұл шоттың басты мақсаты — баланың немесе еңбекке қабілетсіз адамдарды күтіп-бағуға арналған қаражатты толық заңдық тұрғыдан қорғау. Яғни, тыйым салуға (арестке) қарсы қорғаныс, бұл дегеніміз, егер алимент алушының өзге де қарыздары, несиелері немесе салық бойынша берешектері болса, банктер немесе сот орындаушылары бұл шоттағы қаражатқа тыйым сала алмайды, әлбетте басқа берешек үшін алып қоя алмайды. Ақша тек баланың немесе мұқтаж жанның қажеттілігіне жұмсалады, сондай-ақ, шотты сырттан басқа қаражатпен (алименттен бөлек) өздігінен толықтыруға тыйым салынады.
Алимент алуға арналған арнайы шотты кез-келген екінші деңгейдегі банктен не болмаса «Қазпошта» АҚ бөлімшесіне барып, жеке куәлік, өтініш және алимент өндіру туралы сот шешімін көрсете отырып, тегін ашуға болады. Келесіде, шот ашылған соң, оның 20 таңбалы деректемелері атқарушылық өндірісті қозғаған жеке сот орындаушысына өткізілуі керек.
Осымен бірге, атап өтуді қажет ететін маңызды жаңашылдықтың бірі — ол — «Тараптар кабинеті».
Тараптар кабинеті дегеніміз – атқарушылық іс жүргізу тараптарына арналған электронды қызмет. Бұл сервис арқылы азаматтар мен заңды тұлғалар атқарушылық іс жүргізуге қатысты қажетті ақпаратты онлайн режимде алып, бірқатар қызметтерді қашықтықтан пайдалана алады.
Тоқталсақ, тараптардың атқарушылық іс жүргізудің жай-күйін көруге, жеке сот орындаушысының қаулыларымен танысуға, өтініштер мен құжаттарды электрондық түрде жолдауға, атқарушылық өндіріс бойынша төлемдер туралы ақпарат алуға, атқарушылық іс жүргізуге қатысты өзге де мәліметтерді қашықтан алуға мүмкіндіктері бар.
Бұл қызмет азаматтардың уақытын үнемдеп, мемлекеттік қызметтердің ашықтығы мен қол жетімділігін арттыруға бағытталған.
Тараптар кабинетін жүктеп алу арқылы (aisoip.adilet.gov.kz сайтында) кез-келген уақытта борышкер немесе өндіріп алушы болып табылатын тұлға атқарушылық өндірістермен таныса алады.
Бұған қоса, жеке сот орындаушысының әрекетіне немесе әрекетсіздігіне тікелей сотқа шағымданбас бұрын, алдымен өңірлік жеке сот орындаушыларының палатасына немесе Әділет департаментіне сотқа дейінгі шағым түсіру міндеттелді.
Енгізіліп отырған толықтырулар мен өзгерістердің әділет органдары қызметіндегі негізгі басымдылыққа, халықпен тиімді кері байланыс орнату, олармен туындап жатқан сұраныстарға жеделдікпен назар аударуына зор ықпалын тигізетіні анық.
Жетісу облысы
Әділет департаменті
басшысының орынбасары
Кунакбаева Гульнар Имангельдиевна
