Ата заң – елдігіміздің тірегі

Ағымдағы жылы Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына 25 жыл толып отыр. Бұл жылдар ішінде мемлекетіміз демократиялық даму жолымен жүріп келеді, экономикада, әлеуметтік салада зор жеттістіктерге жеттік.

Қазақстан Республикасы азаматтарында ертеңгі күнге деген сенімділік пайда болды. Мемлекеттік институттың дамуы басқарудың бірыңғай жүйесіне алып келді, қоғамдағы саяси белсенділікті оятты, Қазақстан халқы мемлекетті басқару ісіне араласып, өзінің құқығын толық меңгерді. Оны бүкіл өркениетті елдер мойындап отыр. Еліміздің осындай өркендеу жолына түсуіне қазіргі қолданыстағы Конституцияның ықпалы өте зор. Барлық заңдардың бастауы, қайнар көзі саналатын Ата Заңымыздың әлеуеті әлі де мол.

Ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам құрды. Дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тiлеп, қазiргi және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершiлiгiн сезiніп, егемендiк құқығын негiзге алды. Сөйтіп бүкіл халықтық референдумда 1995 жылы 30 тамызда Конституциясын қабылдаған.

Конституция тек тармақтар мен баптардың жиынтығы ғана емес, ол күллі еліміздің болмыс-бітімін айқындайтын басты құжат.

Ата заң еліміздің дамуының жаңа бір белесі. Демократиялық принциптері мен заңдылықтардың орнықты жүйесін қалыптастырған, мемлекеттің құқықтық мәртебесін айқындаған құнды құжат – сонау 1926 жылғы Жоғарғы Кеңеспен қабылданған Қазақ КСР Конституциясынан бастап-ақ, 1937, 1978 жылдардағы және 1993 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясынан туындап, уақыт талабына сай, еліміздің өсіп-өркендеуіне, саяси-әлеуметтік, экономикалық жағдайдың нығаюына толықтай сәйкес келуіне өзгерістер мен толықтырулар арқылы жетілдіріліп жатыр.

Сыртқы жаудан қорғап қалу жолында ата-бабаларымыз жүздеген жылдар бойы шапқыншыларға қарсы ерлікпен шайқасты және отаршылдық бұғаудан құтылу үшін үздіксіз күресті. Бұл жолда қазақ халқының миллиондаған перзенті құрбан болды. Ата-бабаларымыздың мақсаты – тәуелсіздік үшін күресу болса, біздің алдымыздағы тұрған міндет – оны нығайта түсу.

Егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтай отырып, 21 ғасырда орнықты дамуды жалғастыру, Конституцияға қайшы келмейтін, халық үшін маңызды істер тындыру – әрбіреуіміздің міндет-парызымыз. Сөйтіп, Ата Заңның ережелерін іске асыруда мемлекет атынан заңдылықтың сақталуына жоғарғы қадағалау жүргізетін прокуратура органдарына ерекше рөл берілген.

Республиканың мемлекеттік органдар жүйесінде прокуратураның конституциялық орны бөлек. Билiк бөлу институтының «тежемелiк әрi тепе-теңдiк» жүйесі функцияларының бiрiн орындаған кезде, Қазақстан Республикасындағы бiртұтас мемлекеттiк билiктің барлық салаларының келісімді әрекеттендіруін туғызады.

Біз құқықтық мемлекет болғандықтан, құрылғаннан бері бүгінгі күнге дейін мемлекет атынан заңдылыққа жоғары қадағалауды, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының, заңды тұлғалар мен мемлекеттiң заңды мүдделерiнiң сақталуын қадағалауды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының прокуратурасы, кез келген заңдылық бұзушылықты анықтау және жою жөнiнде шаралар қолданады, Конституция мен заңдарына қайшы келетiн заңдар мен өзге де құқықтық актiлерге наразылық жасайды, сотта мемлекеттiң мүддесiн бiлдiредi, сондай-ақ заңда белгiленген жағдайларда тәртiп пен шекте қылмыстық қудалауды жүзеге асырады. Дегенмен мемлекеттік қызметінен гөрі, ең алдымен әрқайсымыздың ел алдындағы борышымызды атқаруымыз жөн. Отан адамға өмір қуанышын, өзінің күшіне деген сенім, елі үшін мақтаныш сезімін сыйлайды. Ел деп келгеніміз, ертеңгі күнімізге сенгеніміз шығар, халқымыздың келешегі үшін, неге де болса көнгеніміз шығар. Еркін халықтың санасында мәңгі орнаған бостандық идеясының жүзеге аса бастауының негізі болып отырған бұл заңның қазақ елі үшін орны бөлек.

Ұлы Отанымыздың Конституциясының 25 жылдығы құтты болсын, көк аспанымызбен астасқан көк туымыз әрдайым биіктен желбірей берсін!

Б.АШЕЕВ,

аудан прокуроры

Мәліметпен бөлісу: