Ата Заң – Тәуелсіздік тірегі

Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдық мерейтойына орай ««Жанұя» отбасын қолдау және белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының ұйымдастыруымен «Ата Заң – Тәуелсіздік тірегі» атты кездесу өтті.

Еліміздің басты құжаты саналатын Конституция — мемлекетіміздің дамуы мен тұрақтылығының негізі. Сондықтан да бұл мерейтойлық шараның мән-маңызы еліміз үшін айрықша.

Ауқымды басқосуға «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен «Аманат» партиясының өкілдері, аудандық қоғамдық кеңес мүшелері, белсенді азаматтар және орталық қызметкерлері қатысты. Жиында Конституция баптарының күнделікті өмірдегі қолданысы, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, заң үстемдігін қамтамасыз етудің тетіктері талқыланды.

Шара аясында қатысушыларға құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, заң саласына қатысты кеңестер берілді. Сонымен қатар, консультативтік бағыттағы жұмыстар ұйымдастырылып, тұрғындардың көкейіндегі сұрақтарына сала мамандары нақты жауап ұсынды.

Кездесу барысында жастарға құқықтық тәрбие беру, отбасылық құндылықтарды сақтауда заң нормаларын білу және қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етудегі Конституцияның рөлі ерекше атап өтілді. Қатысушылар өз ойларымен, ұсыныстарымен бөлісіп, пікір алмасу алаңы қалыптасты.

Жиын соңында қатысушылар еліміздің басты заңы — Ата Заңды қастерлеу әрбір азаматтың парызы екендігін тілге тиек етіп, мемлекетіміздің кемел келешегі жолында мұндай игі шаралардың жалғаса беруіне сенім білдірді.

Мәліметпен бөлісу: