Атамекен жер қымбат

«Озғандарға жету керек, жеткендерімізден озу керек. Дүниенің төріне тырмысқандар, төрден орын алып жатыр. Тырмыспағандар есікте қалып жатыр: есікте қалмай, төрге тырмысалық»,- деп Ә.Бөкейхан  ХХ ғасырдың басында айтып кеткендей бүгінгі таңдағы елімізде болып жатқан түрлі қиындықтарға бой алдырмай алға ұмтылу керекпіз.  Дүниені дүр сілкіндіріп, жер-жаҺанға қауіп төндірген пандемияның алдын алу мақсатында мемлекет тарапынан атқарылып жатқан істер  ауқымды.

Осы ретте Мемлекет басшысы Парламент Палаталарының бірлескен отырысында өзінің кезекті «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын жариялады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы Жер кодексінің жекелеген нормаларына жарияланған мораторий аяқталатынын айтып, жер шетелдіктерге сатылмайды деп мәлімдеді.

«Жер шетелдіктерге сатылмайды, бірақ үкімет қажетті дәрежеде ауыл шаруашылығы жерлерін экономикалық айналымға толық енгізуі тиіс, аграрлық секторға инвестиция тарту ауадай қажет»-, деді парламенттің бірлескен отырысында халыққа жолдау жасаған Тоқаев.

Тоқаев сонымен бірге жергілікті және орталық атқару органдары нақты шара қабылдап, аграрлық салаға ауыл шаруашылығы мамандары мен ғалымдарды тартуы қажет деп атап өтті.

2016 жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерін шетелдіктерге сату және ұзақ мерзімге жалға беруді қарастыратын даулы өзгерістерге халық жаппай наразы болған соң билік бес жылға мораторий жариялаған болатын. Оның мерзімі келесі жылы аяқталады.

Сонымен қатар өнімділікті арттырып, шикізат өндірумен ғана шектелмеу үшін, сондай-ақ қойма және көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында шұғыл шаралар қабылдау керектігінде тілге тиек етті.

Тарихымызға көз салсақ, осындай ұлан ғайыр кең дала ата-бабаларымыздың  асқан ерлігімен, қанымен жеткен. Ынтымағы жарасқан қасиетті өңіріміздің халқы ауызбірліктен ажырамай, ел экономикасы өрге басып, Тарихы тереңге бойлаған қасиетті құт мекеніміз өсіп, өркендей берсін.

Е.ҚАНАШҰЛЫ,

аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы.

Мәліметпен бөлісу: