Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, облыс әкімдігі мен дене тәрбиесі және спорт басқармасы ұйымдастырған жарысқа екі жүзге жуық адам жиналды. Дүбірлі додада Алакөл, Сарқан, Көксу, Ескелді, Панфилов аудандары мен Талдықорған қаласының намысын арқалап келген 65 үміткер бақ сынады.
Шараның салтанатты ашылуында мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы барша жастарды тұрақты түрде спортпен айналысуға шақырып, оған қандай жағдайлар жасалып жатқандығы жайында әңгіме өрбітсе, мәдениет және спорт вице-министрі С.Мұсайбеков жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, дуатлонның жоғары дәрежеде өтетіндігіне сенімін білдірді.
Өңір басшысы Ә. Жақанбаев аталмыш сайыс түрі келесі жылы да өз жалғасын табатындығын айтып, оның ұйымдастырылуына үлкен септігін тигізген А.Мұхамедиұлына алғысын білдірді.
Келесі сөз кезегін алған еліміздің мақтаныштары Сидней Олимпиадасының жеңімпазы Е.Ыбрайымов, Реоде-Жанейро Олимпиадасының жеңімпазы Д. Елеусінов, осы Олимпиаданың күміс жүлдегері Ә. Ниязымбетов пен әншілер Ж. Сейдоллаұлы, М. Шахзадаев, «Астана Операның» директоры Ғ.Ахмедяров, актер А.Ахметов және композитор Р.Гайсин өздерінің жүрек жарды тілектерін жеткізіп, ыстық лебіздерін білдірді. Артынша халықаралық дәрежедегі төреші Ю.Портнягин ойынның өту тәртібімен таныстырды.
З.Қойшыбаева атындағы аудан-дық мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарлама көрермендер назарына ұсынылып, келген қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйланды.
Бұдан кейін мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы бастаған Қазақстанның танымал жұлдыздары мен үміткерлер сап түзеп, 5 шақырымды қамтыған жүгіру және 10 шақырымдық веложарысқа қатысты. Бұл сында Олимпиада жүлдегерлерінен қалыс қалмаған Қ.Зейноллаев, Қ.Шаймурдин, С.Таймекенов, Д. Дүйсековалар бірінші, Е.Мұқатай, А.Мартынов, К.Әділбеков, Д.Тұсбаевалар екінші, Ю.Авершин, А.Барбенаковтар үшінші орындарды иеленіп, медаль, алғыс хат және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Таң сәріден бастау алған керемет шара жезтаңдай әншілер М.Шахзадаев пен Ж.Сейдоллаұлының әсем әндерімен жалғасты. Соңында мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы Алматы облысының туристік агенттіктерінің өкілдерімен кездесіп, Қазақстанның туристік әлеуетін дамыту мәселесін талқылады.
А. ИМАНАСОВА.