Ауыл шаруашылығына баса назар аударды

Бүгін мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің кезекті Жолдауын жариялады. Ел дамуының негізгі бағыттары, алдағы мақсат-міндеттеріміз белгіленген Жолдаудың басты бағыттарының бірі ауыл шаруашылығын дамыту болды.

Еліміз ежелден төскейінде өрген төрт түлігімен тірлігін түзеп, «малым жанымның садағасы» деп ғұмыр кешкен. Сондықтан да көнеден тамыр тартқан тұрмыс үрдісінен ажырамай, қазір де қора-қора малын өрбітіп отыр.

Тірлігін түзбен байланыстырған шаруалар үшін Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығына назар аударуы аса маңызды қадам.

Қазіргі уақыт талабы қатаңдап, заман ағысының шыдас беру үшін үзіліссіз жаңғырып отыру керектігі мәлім. Ертеңіміз үшін елеулі қадамдарға барсақ қана болашағымыз баянды болмақ. Осы ретте алпыс қырдың артындағы айтулы деген дүниелерді Президент Қ.Тоқаев кезекті Жолдауында тайға таңба басқандай айқындап берді.

Қазақстандық даму үлгісіне жаңа мүмкіндіктер ұсынған бұл Жолдаудың әр тармағында салмақты ой, сарабдал саясат жасырынғаны ақиқат. Нақты міндеттер көрсетіліп, мақсатымыз айқындалған.

Ауылдағы қызу тірлікті түзелтуді көздеп: «Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар: ««Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал. Бүгінде жаһандық бәсеке күшейіп тұр, тауар нарығында өзгеріс бар. Мұндай жағдайда өнім өткізу саясатына ерекше мән беруіміз керек. Жылдар бойы қалыптасқан ішкі және сыртқы нарықтағы орнымызды сақтап қалу айрықша маңызды. Үкіметтің алдында сыртқа шығарылатын өнім нарығының ауқымын жоспарлы түрде кеңейту міндеті тұр. Қазақстанның тауарларын шетелге таныту және шығару үшін тиісті шаралар қабылдаған жөн», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан аңғаратынымыз, ауыл-абанды мекен етіп, түзде тірлігін түзеген тұрғындардың еңбегі елеусіз қалмақ емес. Керісінше мемлекет тарапынан тіисті көмектер көрсетіліп, қолдау жыл сайын арта бермек.

Алмат САДИЕВ,

Жетісу облыстық мәслихатының депутаты.

Мәліметпен бөлісу: