Барлық адамзат баласына тән қасиет – өмірге құштарлық. Қараңғы түннен гөрі, арайлап атқан таңға, алдағы жарқын болашаққа ынтық болу – азамат болуға ұмтылған әр тұлғаның міндеті. Туған жерінің әрбір түлегі кешегі өткен бабалар жайлы біліп, өткен өмірден хабардар болуы керек. Әр адамның бойында адамгершілік, биік мұрат, өзі туған жеріне деген сүйіспеншілік қалыптасу қажет. Ұлтымыздың асыл қазынасына айналып отырған бабалар мұрасын келешек ұрпақтың асылындай сақтап, өнеге тұтып, үлге ете білуі – әр азаматқа міндет.
Осы орайда, Алакөл ауданы, Ақтүбек ауылында «Ауыл тарихы – ұрпаққа аманат» тақырыбында үлкен іс-шара өтті. Шараның негізгі мақсаты: ауылда өсіп келе жатқан жас ұрпаққа ауыл тарихын, осы ауылдан шыққан тұлғалардың еңбегін, ауылдағы тұрғындардың береке-бірлігін насихаттау еді.
Осыдан үш жыл бұрын Алакөл аудандық Аналар кеңесі әр окргтердің әр көшесіне көше көшбасшыларын сайлап, ауыл тұрғындарымен ынтымақтаса тәрбие жұмысын жүргізуді тапсырған болатын. Ауылдардағы аналар кеңесінің төрайымдары өз ауылдарында осы тапсырманы іске асырып, белсене жұмыс атқарып жүр. Өз округінде мейілінше тәрбие жұмысын дұрыс жолға қойып, өнеге көрсетіп жүрген аналар кеңесінің төрайымы – Түгелова Қаршыға Түгелқызының еңбегі ерекше. Қаршыға ананың ұйымдастыруымен наурыздың өткен аптасында Ақтүбек ауылында «Ауыл тарихы – ұрпаққа аманат» атты әр көше тұрғындарының сайысы дүркіреп тұрып өтті. Сайысқа қатысушылар бірнеше номинация бағытында додаға түсті:
1. Көшенің аталуы, тарихы, бұл көшеден қандай тұлғалар шықты;
2. Көше тұрғындарының береке-бірлігі, аула тазылығы, көршілер татулығы;
3. Өсіп келе жатқан жастардың тәртібі, өнері, ата-анамен байланысы;
4. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» бейнеролигі бойынша көше намысын қорғау (нашақорлық, вейпқұмарлықтың зияны);
5. Ұлттық дәстүр, әдет-ғұрыптар бойынша көрініс;
6. Ұлттық құндылықтар көрмесі.
Сайысқа ауылдағы 9 көше тұрғындары өте жоғары деңгейде дайындалғаны әр істерінен көрініп тұрды. Берілген номинациялар бойынша тақырыптар жан-жақты ашылып, ауыл тұрғындарын тәнті етті.
Ғұлама Ата Түрік: «Ұлтқа қожалық етуге болмайды, ұлтқа қызмет ету керек» десе, біздің бабабаларымыз «Әкім бол, халқыңа жақын бол», – деген еді. Осы орайда, Ақтүбек ауылдық округінің әкімі Ахметов Мұрат Байболатұлы шараның басы-қасында жүріп, тынбай қолдау көрсетті. Бұл азаматтың бойынан ұлтқа деген, халыққа, аналарға деген үлкен құрметтің зор екендігі көрініп тұрды. Іскер, шығармашыл, ұрпақ тәрбиесіне жан тәнімен берілген Түгелова Қаршыға ананың ұсыныстарын қолдап, әрдайым көмек қолын созып, жастардың тәрбиесіне үлес қосып жүрген Мұрат баламызға алғысымыз шексіз!
Қаршыға Түгелқызы өз ауылының үлкен-кішісіне дейін мейірім төгіп, саналы азамат болуына үлес қосып жүрген аяулы ана. Қаршыға ана мен жолдасы, бірнеше кітаптың авторы, ақын Арынтай атамыздың жастарға айтары да, үйретері де көп. Арынтай ата мен Қаршыға ана: «Тәрбие табалдырықтан! Ана қалғыса, ұлт қалғиды. Отбасында еркек сыйлы болмаса, қыз – көкбет, ұл – безер болады. Ұлттық тәрбиені жаңғыртайық!» – деп, әр отбасына үндеу тастайды.
«Үлкенін құрметтеп өскен ел – азбайды» дегендей, ауыл тұрғындарының ортасында сыйлы да құрметті жандарға зор денсаулық тілейміз!
Сайыстың өту барысында байқағанымыз: ауыл тұрғындарының айрандай ұйыған ынтымағы бар, береке-бірлігі зор, ауыл намысын жоғары ұстайтын жандар екенін көрдік. Ауыл азаматтарының тұрмыста тұрақты, уәдеге берік, қызметте ұстамды, ертеңгі шығар биігі күмәнсіз екеніне сеніміміз мол!
Ұлжалғас ДЮСЕБАЕВА,
аудандық Аналар кеңесінің төрайымы.