Ауылшаруашылық саласын қолдау өз нәтижесін беруде


Жетісу облысында ауыл шаруашылық саласын дамытуға тұрақты мемлекеттік қолдаулар көрсетілуде, жалпы ағымдағы жылы 37 млрд. теңге қаражат бағытталды, 5 млрд. теңгеге лизингке 230 техника алынды. Минералды тыңайтқышты қолдану өткен жылға қарағанда 20 пайызға артып, 17,5 мың га құрады. Нәтижесінде, биыл ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі жарты триллион теңгеден асатын болады, оның басым бөлігі егін шаруашылығы, қалғаны мал шаруашылығы өнімдерінің үлесінде.
Өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінің даму үрдісімен өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев таныстырды. Әлібек Әскербекұлының мәлімдеуінше, облыста барлық суармалы егістік көлемі 200 мыңнан астам гектарды құрайды. Мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде, биылғы жылы егін шаруашылығында дақылдардың егіс көлемі артып, 517 мыңнан астам гектарға жетті. Мұндай нәтижеге қол жеткізу оңай емес. Ауылшаруашылық саласы мамандарының тынымсыз еңбегінің жемісі. Мұндай нәтижелі жұмыстың жүргізілуіне гидротехникалық құрылғылардың көмегі де аз емес. Жалпы облыста 54 гидротехникалық құрылыс нысаны бар. Бүгінгі күнге 4,5 мың гектар жаңа жерді айналымға қосып, 25,6 мың гектарды қалпына келтіруге мүмкіндік беріп, шаруашылықтарды суармалы сумен қамту мақсатында 16 су шаруашылығы объектілері жөндеуден өтті. Нысандарды қалпына келтіру, жөндеу жұмыстарына қаражат республикалық, облыстық бюджет есебінен және Ислам Даму Банкі арқылы бөлінді.
«Өсімдік шаруашылығына 2023 жылға бюджеттен 8,1 млрд. теңге субсидия қарастырылды. Қазіргі уақытта келер жылы себілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемі айқындалды. Айналымға қосымша 1,7 мың гектар жер қосылып, егіс көлемі 519 мың гектарға жеткізіледі.
Алдағы төрт жылда қызылшаның егістігін 15 мың гектарға және жалпы түсімін 525 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланған. Бұл мақсатта облысымызда екі қант зауыты жұмыс жасайды. Президенттің тапсырмасына сәйкес 2023 жылы Ақсу қант зауытында құрақ қантын өңдеу линиясын іске қосып, жылына 80 мың тонна өңделеді және 2026 жылға қарай екі зауыттың қант өндірісі 180 мың тоннаға дейін жеткізіледі» — дейді облыс әкімінің орынбасары.
Жетісуда азық-түлік өндірісі биыл 10 пайызға артты. Теңгеге шаққанда бұл көрсеткіш 57,4 млрд. қаражатты құрайды.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында 150 кәсіпорын жұмыс жасайды. Бұл салада өсім әрқайсысының көрсеткіштері жоғары болғанда қол жеткізіледі.
Мысалы, сүт өнімдерін шығаратын 11 өңдеу кәсіпорындары 29 мың тонна өнім өндірді. Майлы дақылдарды қайта өңдейтін кәсіпорындардың өндіріс көлемі бір жарым есеге артып отыр. Ет өңдеу бойынша 1400 тоннаға жуық дайын өнімді шығаратын 5 цех жұмыс істейді.
Өндірілген өнімдер тек отандық нарықта ғана қолданылмай, экспортқа биыл 44 мың тонна өнім шығарылды.
«Жетісу өңірінде мал басы мен олардан өндірілген өнімнің көлемі жыл санап өсуде. Мал шаруашылығын қолдауға биыл 9,2 млрд. теңге субсидия бөлінді. Бұл жалпы ауыл шаруашылығына берілген қаражаттың 37 пайызын құрайды. Осы қолдаудың арқасында 169 шаруашылық 13 мыңға жуық мал басын сатып алды, сонымен қатар шетелден 352 бас асыл тұқымды мал әкелінді.
Өңірде мал қыстату науқаны басталып, 2341 қыстаққа мыңға жуық ірі қара, ұсақ мал, жылқы көшірілді. Мал иелерінің тұрғын үймен, су, отын және азық-түлікпен қамтылуына мониторинг жүргізілуде. Науқанға 2 млн. 25 мың тонна немесе 1,5 жылдық мал азығы дайындалды», — дейді спикер.

Жалпы өңірде мал шаруашылығын дамыту бойынша 2026 жылға дейін жалпы құны 36 млрд. теңгені құрайтын 33 инвестициялық жобаны іске асыру көзделуде. Нәтижесінде 23 мал бордақылау алаңдары мен 8 сүт фермасын құрылып, қуаттылығы 19 мың тонна құс етін өндіретін жаңа кәсіпорын ашылады.
Осы мақсатта Ауыл шаруашылығы министрлігімен «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жүзеге асыруға қатысты келіссөздер жүргізілуде. Жобалар іске асырылса, облыстың ауыл шаруашылығы өндірісін жылына 15 млрд. теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік берілмек.
«Өңірдің жеке қосалқы шаруашылықтарына қолдау жақсы көрсетіледі. 2023 жылдан бастап 2,5 пайыздық үстемақымен «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы ауыл тұрғындарын шағын несиемен қамту бағдарламасы жүзеге асырылатын болады. Бұл мақсатқа оған республикалық бюджеттен 1,6 млрд. теңге қаражат бөлінді. Аталмыш бағдарламада жеке қосалқы шаруашылықтар мен қатар сервистік қызмет көрсету үшін құрылған кооперативтерге де несиелер беріледі. Ақпарат үшін: облыстың жеке қосалқы шаруашылықтарында 1 млн. 266 мың. мал басы бар», — деп хабарлады Әлібек Жақанбаев.
Сонымен бірге, Жетісу облысы ауылшаруашылық жануарлары мен құстардың аса қауіпті жұқпалы ауруларының алдын алу іс-шараларына қажетті ветеринариялық препараттармен 100% қамтамасыз етілген. Эпизоотияға қарсы іс- шараларды жүргізуге 2 млрд. теңге бөлініп толығымен игерілді.
Айта кетейік, облыс бойынша 21 ветеринариялық пункт бар. Олардың 5-уі — осы жылы қолданысқа берілген модульді ветеринариялық пунктер. Бұған қоса, 2023 жылға облыстық бюджеттен 18 дана модульді ветеринариялық пункт салуға 300 млн теңгеге жуық қаражат қарастырылған.
«Жетісу облысында ауыл тұрғындарының малын жаю үшін барлығы 720 мың гектарға жуық жайылымдық алқап бекітілген. Алайда бұл жеткіліксіз. Қазіргі таңда жайылымға деген қажеттілік 688 мың гектар жерді қажет етеді. Бүгінгі күні 6 ауданда жалпы көлемі 30,9 мың га жайылымдық жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қою жұмыстары жүргізілуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жетісу облысының жұртшылығымен кездесуі кезінде берген тапсырмасына сәйкес, облысымыз бойынша аэроғарыштық зерттеулер арқылы анықталған 857,2 мың га пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлердің 128,5 мың га мемлекет меншігіне қайтарылды. Қайтарылған жерлердің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында жерлер геопорталға енгізілуде», — деп қорытындылады спикер.

Мәліметпен бөлісу: