Ауылым – алтын бесігім

Қазақы тірліктің қазаны қайнаған, талайымыздың  тамырымыз өніп, топырағында түлеген ауыл-абанның орны ерек. Шөмеленің үстінде балалығымыз өтіп, шабандоздардың шаңына көміліп өскен өлкенің әр тасы да ат басындай алтынға бергісіз. 

Қоңырқай тірлік кешкен қойлы ауылдардың тынымсыз тұрмысына жаңа дем сыйлау мақсатында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйытқы болуымен Жетісу өңірінде дәстүрлі түрде «Ауылым – алтын бесігім» тақырыбында ауылдық мәдениет үйлері мен клубтары арасында байқау ұйымдастырылып келеді. Биыл әр елді мекен мәдени құндылықтарын сарапқа салатын айтулы сайыстың шымылдығын айдынды ауданымыз ашты.

Аталмыш байқауда Бескөл және Қабанбай ауылдық округтерінің жалпы даму процесі, өнердегі, мәдениеттегі жетістіктері мен жеңістері, жаңашылдықтары мен алдағы жоспарлары таразыланды.

Сөз алған аудан әкімінің орынбасары А.Абдинов ауданның осы саладағы көрсеткіштеріне тоқталса, әділ қазы алқасының төрағасы, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Т.Ғұмаров жарыс жөнінде мағлұмат берді.

Қос округ те өткені мен бүгіні сабақтастырылған бейнеролик көрсетіп, ауыл өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаларын паш етті. Әуезді әннің иірімдерімен мың бұралған бишілер, домбыраның дүмбірімен елдің делебесін қоздырған күйшілер, тамылжыған үнімен тамсандырған әншілер өнерлерін ортаға салса, қолөнер және қылқалам шеберлері «Рухани жаңғыру», «Астанаға 20 жыл», «Алакөл ауданына 90 жыл» тақырыптарында көрме ұйымдастырды.

Әділ қазылар алқасы облыстағы әр ауданды аралап болғаннан кейін өз бағаларын беріп, шын мықтыны жеңіс тұғырына көтереді. Біз өз өнерімізді көрсеттік, енді қалғаны қорытындыны күту.

АЛМАТ ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: