Жуырда Еңбекші ауылдық округінде бұқаралық спорт түрлерін дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында аудан жастары мен мешіт жамағаттарының арасында шағын футболдан жарыс өтті.
Жастар және спорт нұсқаушыларының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған додада сайдың тасындай іріктелген 10 құрама бап пен бақ таласынатүсті.
Шараның ашылу салтанатында Еңбекші ауылдық оругінің әкімі А.Тоқтабаев сөз алып, бірінші байлық саналатын денсаулық, салауатты өмір салты жайлы тұщымды ойларын ортаға салды.
Келесі кезекте сөз тізгінін алған аудандық дене шынықтыу және спорт бөлімінің басшысы А.Садиев жарыстың талап, ережелерімен таныстырып, құрамаларға сәттілік тіледі.
Таң бозында басталған аяқдопшылар сайысы күн құбылаға енгенше жалғасып, көрермендерге ұмытылмас думан сыйлады.
Шағын футбол ойының қорытынысы бойынша қарсылас шақ келтірмеген «Жайпақ» құрамасы алтыннан алқа тағынды. Ал екінші және үшінші орындарды «Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» мен «Қызылащы» командасы өзара бөлісті.
Жарыс жүлдегерлеріне округ әкімдігі мен демеуші Е.Молдажанов тағайындаған ақшалай сыйлықтар, алғыс хаттар мен кубогтар тарту етілді.
АЛМАТ ЕСЕНБЕКОВ.