Қазақ күресіне қолдау көп

Тебісінен тұлпары теңселіп, соққысынан шойын да шытынайтын бұла күштің иесі атанған бабаларымызға тамсанбас пенде кемде-кем. Арбалы атты жалаң қолымен сүйреуге қауһары жеткен батырларымыз белдескеннің белін үзіп, тірескеннің тізесін бүгер балуандығымен де танымал болған.

Сол өнерінен өмірге келген қазақ күресі заман сүзгісінен өтіп, бүгінгі таңда әлем мойындаған спорт түріне айналған.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Қайнар ауылдық округі әкімдігі, жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушы мен жергілікті азаматтардың ұйытқы болуымен қазақ күресінен аудандық турнир түңлігін түрді. Сондағы басты мақсат тегімізден ажырамас төл спортымызды дәріптеу, ұлттық ойындарымызды ұлықтау және салауатты өмір салтын насихаттау болды.

Шараның ашылу салтанатында сөз алған аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А.Садиев өткеніміз бен бүгініміздің арасындағы алтын көпірдің бірі саналатын қазақ күресінің тарихы мен маңыздылығына тоқталса, Қайнар ауылдық округінің әкімі Н.Бейсенов доданың өтуіне атсалысқан азаматтарға алғысын жаудырып, осы іспеттес бәсекелердің байрағы әлі талай көтерілетінін жеткізді.

Боз кілемдегі белдесуге өңіріміздің түкпір-түкпірінен жауыры оңайлықпен жерге тимейтін балуандар жиналды. Кіл мықтылар іріктеліп келген турнирдағы тартыс көрермендердің де көңілінен шыға білді. Ұлттық спорттың иісі мұрындарына тиген жанкүйерлердің айқай-шуы үміткерлердің де делебесін қоздырып, арқалаландыра түсті.

Жарыстың қорытындысы бойынша Ақтүбек құрамасы үшінші, Жайпақ жігіттері екінші орынға жайғасты. Қарсыластарынан айла-шарғылары басым түсіп, шапшаң қозғалып, ширақ қимыл көрсеткен үшаралдықтар топ басына шықты.

Жүлдегерлерге ақшалай сыйлық, диплодар мен медальдар табысталды.

АЛМАТ ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: