Бәсекеге бәс тігіп, үшінші мәрте жаңғырудың дара даңғылына түскен дербес Қазақстанның ширек ғасырлық тарихы мен ұлт дегенде ұлағатты сөз айтуға ұмтылатын Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмірінің желісі бір, жетістігі ортақ. Мемлекет болып ұйысқаннан бергі өнегелі өткеніміздің қай тұсына көз жүгіртсек те тұңғыш Президентіміздің қолтаңбасы менмұндалап тұратындығы хақ. Жетпіс жылғы михнаттан кейін бұйырған Егемендігіміз Ұлы дала елінің еңсесін тіктеп, иығынан төмен иілген басын биіктете түсті. Тоқсаныншы тоқырау жылдарының қаржылық, дағдарыстық, өндірістік, экономикалық езгісіне төтеп беру жолында Елбасымыз бен тәуелсіз еліміздің тәубешіл азаматтарының төккен тері мен кеткен уақыты, сарқылған күш-жігерлері мен қажыр-қайраттарының құны өлшеусіз.
Ширек ғасыр шамасында түзілген тарихымыздың тарғыл беттеріне зер салып, зерделейтін болсақ, жетістіктеріміз бен жеңістеріміздің артында Мемлекет басшысының есімі тұрғаны жасырын емес. Болмыс-бітімі арда, басқан ізі анық, халық игілігі мен Қазақстанның қарқынды даму жолында тындырған еңбектері ерен Ұлт көшбасшысы қазақ руханияты үшін рухын қайрап, мыңжылдықтан мәңгілікке аттанған сапарымыздың бағытын айқындап берді. Сондықтан да еліміздің біртуар тұлғаларының санатынан табылып, көз тастар көкжиегімізге де айналды. Қашанда шешенге тән шеберлікпен, көсемге тән көрегендікпен, ділмарға тән даралықпен сөйлейтін, шын мен сынды ашып айтудан жалтармайтын Презиндентіміз Кеңес одағының көлеңкесінде қалып қойған мемлекетімізді күн көзіне алып шықты. Кешегі «мызғымас одақтан» бөлініп шыққан бірқатар елдер кезіккен қиындықтардың түйінін әлі күнге дейін тарқата алмай жатқанда тәуелсіздігін тәу еткен Қазақстанымыз мұзарт шыңдарды кезегімен бағындырып, серпінді даму жолына түсті. Кешегіден бүгінгі тірлігіміз бақуатты, ертеңіміз бүгінгіден жарқын болып отырған кезеңді де көзіміз көрді. Өткен дәуірде уақытқа кеткен есеміздің орнын толтырып, жоғымызды түгендейтін сәт те Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тақта отырған мезгіліне бұйырып отыр.
Қазақтың айбыны асып, абыройы тасып, тәуелсіздігімізді тақымға бекем басқан мезетте, тірліктері бөлек болса да тілектері бір ұлттарды бір арнада ұйытып, этносаралық татулық пен конфессияаралық бірлікті жаңа деңгейге көтерді. Ширек ғасыр бұрын алған егемендігіміздің жолында бір мүддеге біріккен халқымызды жетпіс жыл бодансың деп менсінбегендер енді міне босағамыздан бастарын иіп кіруде. Өзгелерін айтпағанда, ең бір алпауыт мемлекеттердің бүйрегі бұрып, еларалық интеграциялық үдерістерге кеңінен жол ашып, барынша мол инвестиция салуға құлшына берулерінің себебі Қазақстандағы саяси, қоғамдық, діни тұрақтылықтың қанат жаюы және Елбасымыздың «әп» дегеннен ақ «ұлтаралық татулық» идеясын ұстануында. Президентіміз осы мақсатқа орай қабылданған «Ұлт жоспары – жүз нақты қадамның» «Біртектілік пен Бірлік» атты төртінші бөлімінде «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін және Қазақстан Халқы Ассамблеасының «Үлкен ел – үлкен отбасы» кең көлемді жобасын әзірлеп, жүзеге асыруды бұйырған болатын. Аталмыш « Мәңгілік ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының негізінде, байтақ даламыздағы барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастырып, бірлігі мызғымас мықты қауым қылып ұстап отырған мемлекетімізде 130-дан астам этнос өкілдері тең құқықта аралас-құралас өмір сүріп, татулығымыздың тұғыры сәт сайын беки түсуде. Бүгінгі таңдағы бейбіт қалпымызға көз жүгіртсек осы ұлттар бір атаның баласындай бірлік туы астында бірегей тірлік кешіп жатқандығын анық байқаймыз.
Сындарлы сыртқы саясатымызды ұстана отырып, еліміздің ішкі әлемінде де алауыздыққа жол бермей, ұлтаралық, ұлысаралық бітімгершілік, діни ымыра мен азаматтық келісім арқылы мемлекетіміздің баянды болашаққа жол тартқан ұлы сапарын бекемдей түсетініміз айқын нәрсе.
Пайым парасаты бөлек, танымы оқшау Мемлекет басшысының арқасында ұлан-ғайыр қазақ даласында небір байрақты бәсекелер, әлемдік дәрежедегі алқалы жиындар, айтулы бас қосулар өтті. Сондай мақтануға тұрарлық жетістігіміздің бірі Елордамыз Астана қаласында түндігін түрген ЭКСПО – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі жайлы кеудемізді көтере айта аламыз.
Азуын айға білеген адуынды 50 мемлекетпен терезесін теңестірген Қазақстанның ендігі мақсаты, ендігі нысаны дамыған 30 елдің қатарынан ойып тұрып орын алу. Осы ретте ақыл-парасатқа кемел, ел ісіне шебер Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекетіміз үшін таяу келешекке маңызды міндеттерді жүктеп берген биылғы Жолдауында бәсекеге бәс тігіп, жаңғыруымыздың жаңа қадамдарын нақтылап көрсетті. Бес басымдық арқылы алып державалар қалыптастырған әлемдік аренада төрден орын алған 30 дамыған елдің қатарына именбей қосылудың тиімді тұстарын айқындап берді. Қарт материктің қақ ортасында қара шаңырақты иеленіп отырған Қазақстан енді осы жаңғыруын құр жаңғырыққа айналдырып алмай, жаһандық бәсекеге лайықты екендігін дәлелдеуі қажет. Жолдаудың заңды жалғасы ретінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жариялап, қайта түлеудің жарқын үлгісін паш етті. Инновация мен жаңашылдық салтанат құрып тұрған заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асырудың жолдарын түсіндірді. Рухани жаңғырудағы ұлттық сананың рөліне баса назар аударып бірнеше міндеттерді айқындап берді.
Елбасымыздың кемел бастамасының арқасында тірлігімізге енген «Ұлы Дала» ұғымы ұлттың санасын сілкіп, тарихи серпіліс сыйласа, «Мәңгілік Ел» идеясы мәңгілікке басқан қадамымызды қарымды ете түсті. Енді міне, тың жобаларға толы мақаласы дүйім жұртты рухани кемелденуге жетелеп, болашаққа аттанған сапарымыздың бағытын айқындап берді. Таңғалуға бір сәт, таңғалдыруға мың жылдықтар керек болса, Қазақстан сол таңғалдыратын сәтіне де жетті. Бабаларымыздың табаны тимеген жерлерге балаларының қаламы тиіп , мемлекетіміз кезең-кезеңімен әлемді мойындатып келеді.
Бұндай биіктердің белесін бағындыруымыз Ұлт көшбасшысының сарабдал саясаты мен текті жұртымыздың береке-бірлікке құмарлығына тікелей байланысты. Олай деуіміздің себебі, басшы мен бұқара арасындағы өзара келісім мен түсіністік арқасында мемлекетіміз тыныштық пен татулықтың, ынтымақ пен ырыстың үстемдік құрып отырған кезеңіне де қол жеткізді.
Елбасымыз бір сөзінде «Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік ел болу үшін бізде бәрі бар. Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік»,-деп нақтылап айтқан болатын. Сол сөзінің түйіні ретінде қолданған «Тәуелсіздік», «Тұрақтылық», «Бірлік» ұғымдары ешбір байлыққа алмастыруға келмейтін өміршең құндылықтарымыз. Ендеше, осы құндылықтарымыздың қадірін әрбіріміз жете түсініп, лайым солардың қадір- қасиетін сезіне білейік зейіні ұтқыр, зердесі алғыр, Қазақстандықтар. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз ғұмырлы болсын!
ЕСЕНБЕКОВ АЛМАТ АСХАТҰЛЫ.