Қазақстан 2024 жылы IT саласында айтарлықтай жетістіктерге жетті. Елімізде IT-компаниялардың саны 18 683-ке жетіп, соңғы үш жылда бұл салада 16%-дық өсім байқалды. Бұл көрсеткіштер Қазақстанның цифрлық экономикасы мен технологиялық әлеуетінің қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.

Еліміздің IT-индустриясының басты тіректерінің бірі – «Astana Hub» халықаралық технологиялық паркі. Бұл орталық қазақстандық стартаптар мен инновациялық жобаларды дамытуда маңызды рөл атқарады. Бүгінде технопарк құрамында 1,5 мыңнан астам қатысушы бар, олардың ішінде 1102 қазақстандық және 437 шетелдік компания бар. Технопарк қатысушыларының жалпы табысы 1,2 трлн теңгеге жетіп, соңғы бес жылда 31 есеге артты. Сонымен қатар, экспорттық түсім көлемі 140 млрд теңгеден асып, жыл сайынғы өсім 10 есеге ұлғайды.
Қазақстанның аймақтарында да IT-экожүйе дамуда. Қазіргі таңда еліміз бойынша 18 аймақтық IT-хаб жұмыс істеп, жергілікті кәсіпкерлікті қолдауға үлес қосуда. Бұл хабтар өңірлік таланттарды анықтап, оларды қолдап, Қазақстанның IT-индустриясын дамытуда маңызды рөл атқарады.
Мемлекет «Ұлттық инновациялық жүйенің «бірыңғай терезесін» іске қосып, IT мамандар мен инноваторларға мемлекеттік қолдау көрсету процесін жеңілдетті. Бұл порталдың көмегімен жыл сайын жарты миллионнан астам адам қызметтерді оңай әрі ашық түрде алады.
Шетелдік мамандарды тарту үшін де жағдайлар жасалуда. АХҚО-да жұмыс істейтін Экспат орталығы шетелдік мамандар үшін мемлекеттік қызметтердің бірыңғай терезесіне айналды. Бұл қадам Қазақстанды халықаралық деңгейде тартымды IT-орталыққа айналдыруға бағытталған.
Осылайша, Қазақстан IT-индустриясын дамыту арқылы цифрлық экономикасының негізін нығайтып, халықаралық аренада өзін заманауи, инновациялық хаб ретінде көрсетуде.
Алмас ТҰРСЫНБАЕВ,А.Байтұрсынов атындағы орта мектебі директорының ғылыми-әдістемелік жөніндегі орыньбасары, информатика пәнінің мұғалімі
