Жуырда З.Қойшыбаева атындағы аудандықмәдениет үйінде «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен латын әліпбиіне көшудің тиімді және пайдалы тұстарын анықтау мақсатында «Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің емлесіндегі жаңалықтар» атты дөңгелек үстел өтті. Оған Үшарал пайдалану бөлімі мен «Ерке Нұр» балабақшасының қызметкерлері қатысты.
«Тіл» оқыту-әдістемелік орталығының меңгерушісі А.Даркамбаева басқосудың негізгі мақсат-міндеттерімен таныстыра келе: «Латын әліпбиіне көшу – ұлтымыздың санасын бұғаудан босатады, жаһандану заманындағы дамыған әлеммен ықпалдасуға, қазақ халқы ертеден қолданған әліпбиімізге қайта оралып, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруымызға жол ашады», — деп атап өтті.
Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Г.Жексембаева латын әліпбиіне көшудің ең басты қажеттілігі, қазақ тіліндегі сөздердің өзгеріске ұшырауы және ұтатын, ұтылатын тұстарды тілге тиек етті.
«Тіл» оқыту-әдістемелік орталығының оқытушысы А.Ташкенбаева қатысушылардың латын графикасына негізделген қазақ тілін үйренуге деген қызығушылықтарын, тіл білуге деген ынталарын арттыру мақсатында «Я, ю әріптері бар төл сөздердің таңбалану ерекшеліктері» тақырыбында сабақ өткізді.
Артынша қатысушылар тарапынан тақырыпқа байланысты сұрақтар қойылып, тұщымды жауаптар алынды.
М.ҚУАТҚЫЗЫ.