20 желтоқсан 2018 ж. Талдықорған қ.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы облысының филиалы 2018 жылы аймақ тұрғындарына көрсетілген мемлекеттік қызметтер бойынша қорытынды брифинг өткізді.

Қазіргі таңда Алматы облыстық филиалында 21 фронт-офис, 22 басқарма, 60 бөлім, шалғай аудандарда арнайы секторлар мен мамандандырылған ХҚО және көші-қон қызметтері орталығы жұмыс істейді.
Мемлекеттік корпорацияның Алматы облысы бойынша филиал директоры Ермек Бекжүнісовтың айтуынша, 2018 жылдың басынан бері қалалық және аудандық ХҚО бөлімдері 3 082 964 қызмет көрсетті. Оның 1 млн. 728 мыңы, яғни 56% электрондық форматта ұсынылған. Сонымен қатар азаматтардың компьютерлік сауаттылығын арттырып, электрондық үкімет порталын танымал ету мақсатында өзіне-өзі қызмет көрсету – «Connection point» секторы арқылы 504 770 электрондық цифрлық қолтаңба берілді. ЭЦҚ-ны пайдалану арқылы азаматтар халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгінбей-ақ, мемлекеттік қызметтерді үйінде немесе жұмыс орнында отырып ала алады.
Биыл қолданысқа енген композитті қызмет түрінің бірі – зейнеткерлікке шығу төлемдерін тағайындауға байланысты. «Азаматтар «бір өтініш» қағидаты бойынша ХҚО арқылы барлық қызметті ала алады. Енді зейнет жасына жеткен азамат ХҚО-ға, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бөлек-бөлек барып, өтініш жазбайтын болады. Композитті қызмет енгізілгелі бері облыс бойынша 2000 азаматқа зейнетақы төлемдері тағайындалды», – дейді Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Гүлшат Баешова.
Аймақ бойынша таяуда көші-қон қызметтері орталығы жұмыс істей бастады. Оның көмегімен көші-қон саласындағы қызметтерді алу реті барынша жеңілдейді. Мұнда шетел азаматтары медициналық тексеріс пен дактилоскопиядан өтіп, сақтандыру полисін рәсімдеп, жеке сәйкестендіру нөмірін ала алады.
Сонымен қатар мемлекеттік корпорацияның Алматы облысының филиалында жылжымайтын мүлікке техникалық тексеру жүргізу бойынша 18 915 және жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу функциясы берілгеннен бастап 77 622 мемлекеттік қызмет көрсетілді.
Бұдан бөлек, мемлекеттік жер кадастры мәліметтерін қалыптастыру бойынша 850 мың га жер зерттеуден өтіп, Алматы облысы бойынша 80 000 мыңға жуық жер кадастры бойынша мемлекеттік қызмет көрсетілген.
Алматы облысы бойынша филиал директоры Ермек Бекжүнісовтың айтуынша, Астана мен Алматы қалаларында биометрия жобасы енгізілді. Енді қажетті анықтамаларды алу үшін төлқұжат пен ЭЦҚ қажет емес, саусақ ізі мен бет-әлпет скан-бейнесі болса жеткілікті. Таяу арада бұл қызмет Талдықорған қаласында да іске қосылатын болады.
«Азаматтарға арналған үкімет»
Коммерциялық емес
Акционерлік қоғамының
Алматы облысы бойынша
PR менеджері Гүлден Жылкелдиева
Тел:87075751171