Маусымаралық кезеңде азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу – өзекті мәселелердің бірі. Елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) әрдайым қолжетімді болуын қамтамасыз ету үшін құрылған тұрақтандыру қоры бар. Оның басты мақсаты – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Қай заманда да адам баласына қалыпты өмір сүру үшін әуелі азық-түлік, дәрі-дәрмек, киім-кешек пен күнделікті тұтынатын қарапайым ғана тұрмыстық тауарлар ауадай қажет. Оның ішінде, әсіресе, азық-түліктің бағасы қолжетімсіз болса, тұрмыстың да берекесі қашатыны айдан анық.
Осы ретте «Amanat» партиясы Алакөл аудандық партия филиалы жанындағы мониторинг тобы аудан дүкендеріндегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізді. Олар Бескөл ауылындағы дүкендердегі баға тұрақтылығын қадағалау мақсатында бірқатар сауда орындарын аралады.
«Бұлақты» шағын маркетінде әлеуметтік маңызы бар азақ-түлік тауарларының бағаларын қарап, тұтынушыларымен пікір алмасты. Онда нан бағасы 170 теңгеден сатылуда, басқа да азық-түліктердің бағалары күнделікті нарықтың сұранысына сай саудалануда. «Кәсіп иесімен сұхбаттасу барасында қазір халық арзан, сапасыз заттарды тұтынбайтынын айтты»,- дейді топ жетекшісі, «Amanat» партиясы Алакөл аудандық партия филиалының төрағасы Қайрат Көкебаев.
Өз тілшіміз.