Жуырда Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбындағы тағылымды туындысында көтерілген қазақ әліпбиін кириллицадан латын қарпіне ауыстыру жобасын насихаттау, жаңа графиканың қолданыс аясын кеңейту, оқушылар арасында латын әліпбиіне деген сауаттылықты арттыру мақсатында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйытқы болуымен «Бәсекелестік – дамудың қозғаушы күші» атты эссе байқауы ұйымдастырылды.
Аталмыш доданың ерекшелігі үміткерлер үйреншікті кириллицамен емес жаңадан бекітілген латын графикасы негізінде өз шығармаларын жазды.
Сөз алған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Г.Жексембаев жаңа қәріп жаңғыруымыздың тірегі, жаһандық бәсекелестіккегі бәсіміздің жоғару болуының бірден-бір кепілі екендігін жеткізіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқауға аудан аумағынан барлығы 19 сұраныс қабылданды. Берілген уақыт аралығында үміткерлер тақырып аясында өздерінің шеберліктерін сынап, шабыттарының шабысын үдете түсті. Латын қарпімен эссе жазу оңайға соқпағанымен олар өзгерістерге дайын екендіктерін көрсетіп, сынақтан сүрінбей өтті.
Жаңа графика негізінде алғашқы рет ұйымдастырылған байқаудың қорытындысы бойынша М.Әубәкіров атындағы орта мектебінің оныншы сынып оқушысы А.Амангелді аламан басынан көрініп, бас жүлдені тақымға басты. Ал үшаралдық А.Меңдібай мен Ынталы орта мектебінің шәкірті А.Жұман бірінші орынға жайғасса, Теректі орта мектебінің оқушысы Ә.Нұрахметова мен үшаралдық А.Мұхаметжанова екінші орынды қанжығалады. Тиісінше үшінші орын Ақжар, Бескөл, Сапақ ауылдық округтерінен келген Н.Ержанқызы, С.Молдахан, А.Аязбаеваға бұйырды.
Барлық жүлдегерлер мен қатысушыларға дипломдар, алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
А.ХАНЗАДА.