Қазақстандықтардың көңілін күпті қылған басты мәселелердің бірі баспана базынасы екендігі анық. Осы түйіткілді тақырыптың тамырына балта шабу мақсатынды Елбасы Н.Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінде «7-20-25» бағдарламасын ұсынған болатын.
Жуырда аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аталмыш бағдарламаның барысын түсіндіру мақсатында кездесу ұйымдастырылды. Оны өңір басшысының орынбасары А.Чалкенов ашып, жүргізді.
Сөз алған ҚР Ұлттық банкі Алматы облысы бойынша филиалының бөлім басшысы Б.Диханшинев жиналғандарға «7-20-25» бағдарламасының басым бағыттарын атап, қандай банктер арқылы келісім шарта отыруға болатынын, жобаның қатысушысы атану үшін керекті құжаттар тізімі мен шарттарын түсіндіріп кетті.
Қатысушылар тарапынан бірталай сұрақтар қойылып, салыстырмалы түрдегі жылдық төлем мөлшері, несиені ерте жапқанда кешірілетін үстеме пайызы және қандай тұрғын үйлер осы бағдарламаның талаптарына сай келетіні сұралды.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары А.Чалкенов баспана мәселесін шешу мақсатында өңірімізде атқарылып жатқан жұмістар легімен таныстырып, аталмыш бағдарламаға қатысуға ниет білдіргендерге барынша көмек көрсетілетінін жеткізді.
А.ЕСЕНБЕКОВ.