Жер әлемді жылылыққа бөлейтін шуақты көктем алақаны аялы аналар мен нәзік жанды арулар мейрамынан басталады. Тарихқа назар аударсақ ұлт болып ұйысуымызда қазақ аналарының ерен еңбегі көп. Әлі де саналы ғұмырын халыққа арнап, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп отырған аналар ел іші кенде емес.
Осы ретте «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына орай Ақтүбек бастауыш партиясының ұйымдастыруымен 8-наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне арналған «Аналарымызды ардақтайық» атты салтанатты жиын өтті.
Шараның шымылдығын ашқан округ әкімі Қ.Тұрлыбеков: «Ықылым заманнан аналарын ардақтаған,қарындасын құрметтеген, қыздарын қадірлеген халықтың ұлымыз. Ұрпақ тәрбиелеуде ғана емес,билік пен бизнесте, саяси-экономикалық және әлеуметтік ахуалды ер азаматтармен иық тірестіре өркендетіп жүрген қыз-келіншектер бүгінде ел мақтанышы. Сіздерге мың алғыс, мың тағзым. Бастарыңыз аман, дендеріңіз сау, көңілдеріңіз көтеріңкі, өмірлеріңіз сәнді болсын»,-деп жүрекжарды лебізін білдірді.
«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Көкебаев: «Расында, әйел қауымынсыз мына әлемді елестету мүмкін емес.Алладан кейінгі құдірет иесі, ол – Ана. Мына жарық дүниеге әкелген аналар алдында бас иемін»,-дей келе, Ақтүбек ауылының тұрғыны,7 баланың анасы Васкина Наталья Владимировнаға көп баланы өсіріп тәрбиелегені үшін Елбасы Н.Назарбаевтың 2019 жылғы 23 қаңтардағы Жарлығы бойынша «Алтын алқа» төсбелгісін табыстады.
Артынша ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Тұраров пен әйелдер істері, отбасы және демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрайымы Б.Мәнкешқызыбарша әйелдер қауымын, аяулы аналарды шуақты мерекелерімен құттықтады.
Округ әкімі «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлеріне, еңбек ардагерлері мен зейнет жасындағы аналарға сыйлықтар табыстады.
Мерекелік кеш аудандық З.Қойшыбаева атындағы мәдениет үйінің өнерпаздарының концертімен жалғасын тапты. Құрметке бөленген ауыл аналары, ардагер әжелер, жас арулар округ әкімі аппаратына алғыстарын білдіріп жатты.
М.НҰРҚАСЫМОВА.