
2024 жыл елімізде балалардың құқықтарын қорғау бойынша маңызды оқиғаларға толы кезең болды. Биылғы жылы балалардың жағдайын жақсартуға, әсіресе әлеуметтік қолдау мен балалардың қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған үш негізгі заң қабылданды.
Ақпан айында «Баланың құқықтары туралы» заңға жетім балалар үшін тәлімгерлік институтын енгізу бойынша өзгерістер енгізілді. Енді ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тәлімгерлердің жеке қолдауына жүгіне алады.
Сәуір айында әйелдер құқықтары мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында заңға қол қойылып, ол маусым айынан бастап өз күшіне енді. Бұл заң 70-тен астам өзгерісті қамтиды, балаларға қатысты жасалған зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтуді және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді.
Биыл Қазақстанда жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау жөнінде маңызды қадамдар жасалды. Желтоқсан айында мұндай балаларға арналған отбасылық құрылымның жаңа формасын — кәсіби қабылдаушы отбасын енгізетін заңды мақұлдады, бұл олардың тұрақты ортадағы өмір сүру және тәрбиелеу жағдайларын жақсартады. Сондай-ақ заңмен қамқоршылық органдары мамандарының штат саны — 5 мың балаға кемінде бір маман болып белгіленген, осылайша олардың жұмысының тиімділігін арттыру көзделіп отыр.
Тағы бір жаңалық әлеуметтік көмектің кеңеюі болды: енді жеке меншік мектептерде оқитын осал отбасылардың балалары қажетті мектеп керек-жарақтары мен тауарларды мемлекеттік мектептегі оқушылармен бірдей алатын болады.
Бұл жыл еліміздегі балалардың құқықтарын қорғау жүйесінде маңызды өзгерістер жылы болды. Қабылданған заңдар тек балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың толыққанды дамуына жағдай жасайды, соның ішінде жетім балаларды, аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды және қиын жағдайға тап болған мектеп оқушыларын қолдау көзделіп отыр.
2024 жылы барлық білім беру ұйымдарында «Бір тұтас тәрбие» бағдарламасы әзірленіп, ауданымыздың барлық білім беру ұйымдары осы бағдарламамен жұмыс жасауда.
Бұл бағытта да ауданымызда көптеген жұмыстар атқарылуда. Ауданымызда балалар құқығын қорғау комиссиясы құрылған. Жыл бойы комиссияда бірқатар жұмыстар атқарылып, балалардың құқығы қорғалды.
Ауданымызда сәтсіз отбасылар мен де жұмыстар қолға алынған. Бұл бағытта ауданымызға қарасты барлық қала, ауылдық округтерде мобильді топ құрылып, қиын жағдайда қалған отбасыларға көмек берілуде.
Алакөл ауданында жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар саны-68 бала. Оның ішінде, қорғаншылықта-32 бала, қамқоршылықта – 36 бала және 18 қолайсыз отбасы тіркелген. Бұл балаларға әрдайым қамқорлық жұмыстары жүргізіледі.
Ауданымыздың мектептерінде психологиялық қолдау орталықтары жұмыс жасайды. Психологиялық қолдау орталығының жұмыс жоспары жасөспірімдер арасындағы буллинг, кибербуллинг, лудомания, аутодеструктивті мінез-құлықтарының алдын алу, өмірлік қиын жағдайға тап болған білім алушыларға психологиялық кеңес беру, көмек көрсету тәуекел топтағы балаларды ерте анықтау жұмыстарына бағытталған.
Барлық білім мекемелерінде қауіпсіздік шаралары қатаң бақыланып, жүйелі жүргізілуде. Аудан бойынша барлық білім мекемелерінде бейнебақылау камералары орнатылған.
Бұл жұмыстар балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасау мақсатында іске асуда және 2025 жылы да бұл жұмыстар жалғасатын болады.
Аудан әкімінің орынбасары М.Төлеужанов