Күн рауаны себездеп, шыққа бөккен далаға шұғыла шашыла бастағаннан тірлік қамын күйттеуге шақыратын тауық жылы да аяқталды. Есесіне, қазақы түсініктегі жеті қазынаның сапын толықтырған төбет төрден орын алды. Жаңа бақытын арқалай келген жаңғыру жылын аудан бүлдіршіндері керемет көңіл-күйде қарсы алды. Оған ұйытқы болған әрине өңір басшысы – Әлібек Әскербекұлы.
Жылдағы дәстүрден жерімеген аудан әкімі киелі өлкенің оқуда озат, білімде білгір, өнерде озық, спортта дара балалардың басын біріктіріп, бір күндік болсын бақыт бұйыртуға барын салды. Әлеуметтік әлсіз отбасылардан шықса да, өзгелерден оза шапқан оқушылар таңғажайыптар әлеміне саяхат жасауға мүмкіндік алды.
Аяз ата мен ақшақарды қол соға, қолпаштай қарсы алған бүлдіршіндер мерекелік іс-шараның алғашқы секундтарынан-ақ ертегілер еліне тап болғандай күйге бөленді.
Қиялындағы кейіпкерлердің кейіпіне енген балалар, қалқанын қолға алып, қылышын қынына салған батырлар, түрлі хикаялардың жазылуына түрті болған хайуанаттар, төбесі көкке тірелген, құлашы алуан ойыншықтармен көмкерілген шырша, төрге озған жылдың төресі төбет, бұның барлығы балдырғандардың құрметіне жасалған дүние.
Мерекелік жүздесудің шымылдығын ашқан аудан әкімі Ә.Жақанбаев жиналғандарды келе жатқан жаңа жыл мейрамымен құттықтап, жастарды білімді, білікті, талапты, табанды болуға шақырды. Балалық балғын күндеріндегі өрнекті естеліктерімен бөлісіп, сол заматтардағы қызықты оқуғаларын баяндап берді. Артынша, шыршаны бойлай ән шырқап, шыр айнала би билеген бүлдіршіндерге сыйлықтарын табыстады. Барлығына да қыстық күрте, спорттық киім, тәтті-дәмділер қаптамасы ұсынылды. Қуаныштан құрақ ұшқан оқушылардың езулеріне үйірілген күлкі бәріміздің де жүрегімізге бір жылылықты ұялатқандай болды.
Жаңа жылдық іс-шараны Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тағылымды туындысының символына айналған бүркіт пен елордамыз Астана қаласында жалауын желбіреткен «ЕХРО-2017» халықаралық мамандандырығын көрмесінің тақырыбы саналатын жасыл энергияның қайнар көздері су, күн, жер ананың кейіпіне енген кейіпкерлер ажарландыра түсті. Қанатын кеңінен жайған қыран құс жұртты рухани тұрғыдан жаңғыруға, санамызды заман талабына сай серпілтуге шақырса, келесілері табиғат байлықтарына ұқыпты қарауға, баламалы қуат ошақтарын ұтымды пайдалануға үгіттеді.
АЛМАТ ЕСЕНБЕКОВ.