«Балаларымыз сайлаудың маңызыдылығын білуі керек»: Аудан әкімі дауыс берді


Жаңа форматтағы сайлау – «Жаңа Қазақстанды» құруға тың серпіліс бергендей. Партиялық тізімнен бөлек бір мандаттық орындарға өзін өзі ұсынып, халық игілігі үшін қызмет етемін деген азаматтар бап пен бақ таласына түсуде.

Айдынды өңірімізде де сайлау барысы қыза түскендей. Таң бозымен таласа дауыс беруге ағылған бұқараның қарасы көп. Барлығы да елдің ертеңіне деге нық сеніммен, баянды болашақты қалыптастыруға үлес қосамыз деп асығуда. Бұл қуанарлық жайт, себебі әр тұрғынның дауысы аса маңызды.

Үшарал қаласындағы №45 сайлау учаскесінде өңір басшысы Алмас Сапарғалиұлы да дауыс берді. Бір айта кетерлігі, аудан әкімі бұл сайлауға әкесі мен бүлдіршін қызын да ерте келіпті.

«Біздің балаларымыз сайлаудың маңыздылығын бүгіннен ұғынулары керек. Бүлдіршіндер көргенін істеп, естігендерін айтады. Оларға қазірден сайлау сияқты саяси дүниелердің өзектілігін көрсеткеніміз абзал. Біздің болашағымыз осы ұрпақтарымыздың қолында.  Олардың жан-жақты, саяси сауатты, білімді, өрелі болып ержетулері үшін жауапты өзіміз. Бүгінгі таңдауымыз да сол перзенттеріміздің ертеңі үшін жасалмақ. Осындай айтулы күнде қызымды да ерте келгенімнің себебі осы. Атасының, әкесінің дауыс бергеніне қарап, өз заманында көргендерін жасайды деген сенімдемін»,- дейді А.Абдинов.

Өңір басшысы өзінің таңдауын жасап, сайлау учаскесіндегі жұмыспен танысты.  Тұрғындардың белсенділігі жайлы сұрастырып, сайлаудың әділ өтуі қажеттігін айтып өтті.

А.ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: