«Баланың бақытты мекені-отбасы» дөңгелек үстел

Талдықорған қаласы
27 қыркүйек 2024 жыл, 10:00
«Visit Zhetysu» орталығы

2024 жылғы 27 қыркүйекте Ұлттық бала асырап алу агенттігінің ұйымдастыруымен Талдықорған қаласында «Баланың бақытты мекені – Отбасы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – Қазақстанда Кәсіби қабылдаушы отбасы институтын енгізу туралы ақпарат беріп, пікір алмасу.

Дөңгелек үстелге Талдықорған қаласының әкімдігінің мүдделі тұлғалары (білім басқармасы, денсаулық сақтау басқармасы, әлеуметтік жұмыспен қамту), Қамқоршылық және қорғаншылық органдары, Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекемелердің өкілдері қатысты.

2016 жылдан бері Ұлттық бала асырап алу агенттігінің көмегімен 1945 бала қазақстандық отбасыларға орналастырылды. Олардың 244-і Реабилитация жобасындағы диагнозы бар балалар және ол отбасыларға атаулы материалдық көмек, балалардың денсаулығын қалпына келтіру және оңалту түрінде қолдау көрсетілуде.

Алайда 4200-ге жуық бала әлі де ата-анасын интернаттық мекемелерде күтуде. Олардың басым бөлігі жасөспірімдер, ағайындылар және диагнозы бар балалар. Бұл мәселенің шешімі біздің елімізде үздік әлемдік тәжірибені – Кәсіби қабылдаушы отбасылар институтын енгізу болуы мүмкін.

Жаңа еңгізілімді талқылау кезінде Қаратал ауданы бойынша білім бөлімінің қорғаншылық және қамқоршылық органының бас маманы – Сембекова Асельде «Қабылдаушы ата-аналар мектебін бітірген отбасылар кәсіби қабылдаушы ата-ана бола алады ма?» деген сұрақ туындады. Қойылған сауалға жобаның басшысы, Рахметова Фарида: «Кәсіби қабылдаушы ата-аналардың оқуы мен алатын сертификаттары өзгеше болады. Бірақ асырап алынған бала 18-ге толып кеткен болса, әрине, кәсіби қабылдаушы отбасы болуға ниет білдіре алады» деп жауап берді.

Кездесу барысында: «Балалар мәселесі мемлекет басшысы – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың үнемі назарында. Баланың құқығы мен қауіпсіздігіне, бала өміріне қатысты заңбұзылушылықтарға ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта «Ана Үйі» Қоғамдық қорымен бірлесе, атсалыса жұмыс жасап жатырмыз. Қала әкімдігі атынан Ұлттық бала асырап алу агеннтігіне табыс тілейміз. Қолымыздан келгенше заң аясында әрдайым қолдауға дайынбыз. Балаларымыз бақытты болса, еліміздің болашағы да жарқын болады» деп, Талдықорған қаласының әкімінің орынбасары, Андабеков Жеңіс, Қордың жұмысын қолдады.

Іс-шараның нәтижесінде мемлекеттік органдарға Кәсіби қабылдаушы отбасы институтының маңыздылығы мен мәні егжей-тегжейлі баяндалды.

Анықтама: Қазақстандық бизнесмендердің жобасы болып табылатын «Ана Үйі» ҚҚ 11 жылдан астам уақыт бойы әлеуметтік жетімдіктің алдын алу және жыл сайын балалар үйіне түсетін балалар санын азайту мақсатында өз қызметін жүзеге асырып келе жатыр. Ұлттық бала асырап алу агенттігінің миссиясы – қазақстандық қоғамда бала асырап алу мәдениетін дамыту, қабылдаушы отбасыларды сүйемелдеу және кәсіби даярлау. Қазақстанның 20 қаласында балалар үйлері мен сәби үйлерінен балаларды өз отбасыларына қабылдағысы келетін азаматтарға (отбасыларға) мамандар кеңес беретін консультациялық кабинеттер жұмыс істейді. Психологтар Қабылдаушы ата-аналар мектептерінде әлеуетті асырап алушыларды дайындайды. Бүгінгі таңда Ұлттық бала асырап алу агенттігінің көмегімен 1302 қазақстандық отбасына 1945 бала орналастырылды. Барлығы 18004 азаматқа кеңес берілді, олардың 5932-сі Қабылдаушы ата-аналар мектебінен өтті.

Мәліметпен бөлісу: