Баршамызға ортақ іс

«Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде»,- деп  Елбасымыз Н.Назарбаев айтқандай, ана тіліміз – біздің рухани байлығымыз, бізге ата-бабамыздан мұра болып қалған қазынамыз. Тіліміздің тазалығын сақтау және оның шұбарлануына жол бермеу  – мемлекетімізде тұрып жатқан әрбір азаматтың міндеті болып табылады.  Кез келген мемлекет өзінің ана тілімен айбарлы. Қазақ тілі халықтың іс-әрекетінің, қарым-қатынасының құралы болғандықтан, оның мәдениетін жоғары сатыға көтеру – әрқайсымыздың борышымыз.

Жуырда аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйытқы болуымен тіл нормаларының Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» және «Жарнама туралы» Заңдарының талаптарына сәйкес рәсімделуін, олардың сауатты жазылуын қамтамасыз ету және бұл іске өңір жұртшылығын кеңінен жұмылдыру мақсатында «Тіл тазалығы – баршаға ортақ іс»  атты дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелге аудандық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы, кітапхана, мәдениет үйінің қызметкерлері қатысты. 

Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы А.Хиаг аудан бойынша жыл басынан бері қала, ауылдық округ әкімдіктерімен бірге 21 объектіге көрнекі ақпараттар таратылып «Қазақстан Республикасының тіл туралы» Заңының 21-бабына сай талаптардың сақталуына мониторинг жүргізіліп, барлығы 57 нысан қамтылғандығын және тіл туралы заң талаптарына сай келмейтін 11 көрнекілік бірден алынып тасталғандығын тілге тиек етті.

«Тіл тазалығы» мемлекеттік маңызы бар мәселе саналады. Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің кепілі және барша қазақстандықтарды біріктіруші құндылықты факторға айналу қажет. Ал оның табиғи таза қалпын сақтау алдымен жүрегі елім деп соққан азаматтарға жүктелмек.

М.ҚУАТҚЫЗЫ.

Мәліметпен бөлісу: