Қажетте/баян2
*Келбет
Өткен ғасырдың алғашқы жартысы қазақ тарихы үшін күйініші мен сүйініші қатар өрілген дәуір болды. Сол жылдары елге тұтқа болған ел ағалары, қазақтың беткеұстар қаймақтарын айыптау мен қуғындау бұрынғыдан бетер күшейіп, жұрт жүрегінде мұң мен қайғы бұлты қалыңдай түсті. Екінші дүниежүзілік соғысы жылдарындағы қиындық, одан кейінгі қайта құрудың күрделі сәттері талай адамның балалық, жастық дәуірін шарпыды. Сондықтан олар кейінгі ұрпақ осындай қиындықты көрмей, сағыныштың салқынын сезбей, емін-еркін өссе екен деген жауапкершілікті санасына берік сақтады. Сол үшін қажырлы, қарапайым, еңбекқор, елгезек, жақсылық атаулыға еміреніп, бойкүйездікті көрсе батыл қарсы тұруға жандары жақын болды. Сол қатарға осы мақаламыздың кейіпкері Баян Рысбекованы да қосуға болады.
Баян Қайыпбергенқызының аталары тоталитарлық жүйенің нағыз күйіп тұрған шағында сан қиындықты бастан өткерді.
– Абай облысының Үржар ауданына қарасты Егінсу деген ауыл бар. Ол жерді Қаракерей бабамыздан тарайтын рулы ел мекендейді. Атақонысымыз сол жер. Ауылдың жанында «Үш бидің – қажының бейіті», «Үш төбе» деген тарихи орындар болды. 1989 жылы Үшаралда жұмыс істеп тұрған кезімде әкем ертіп барып көрсетіп еді. Айналасында мазар өте көп болатын. Қараусыз қалған сол мұралар бүгінде тапталып, топырақ болып қалды, – дейді Баян Қайыпбергенқызы.
Қаракерейден тарайтын Ерторы, Байсыйық, Жанғұлы, Қасқа аталары өсіп-өнген әулет. Ал Қасқа ақсақалдың Алдоңғар, Алдаберген, Кәрі атты 3 ұлы болыпты. Баян Рысбекова Алдоңғардан тарайтын Қайыпбергеннің қызы. Алайда, тегінің Рысбекова болып жазылуының өзіндік себебі және ащы ақиқаты бар.
– Біз Алдоңғардың тікелей ұрпағымыз. Оның Барғана, Барлық, Шөкей, Құлбай және Тауасар атты 5 ұлы болды. Олардың бәрі түрлі себеппен өмірден ерте өткен. Менің әкем Қайыпберген Барғанадан тараған балалардың кенжесі. Анасы оны 52 жасында дүниеге әкеліпті. Атамыз ол кезде 60 жаста екен. Өткен ғасырдағы қуғын-сүргіннің салдарынан Гүлстан әпкеміз бен менің әкем ғана тірі қалыпты. Біразы аман қалу үшін арғы бетке өтіп кеткен екен. Гүлстан әпкеміз: «Біздің ауылда 1000-нан астам жылқы болды. Ал ірі қара мен ұсақ мал басы өте көп еді. Аптасына ауылға 5 жылқы, 30-ға жуық ірі-ұсақ мал сойылып, таратылатын» деп айтып отыратын, – дейді Баян әпкеміз.
Барғана 2 некелі болған адам. Бәйбішесі Шәкен мен тоқалы Басар көргенді жерден көктеген жандар. Өкінішке қарай, 1930 жылдардағы камписке кезінде Алдоңғардан тараған балалардан Барғана ғана тірі қалады. Бауырларының аман қалған бала-шағасын жинап, тірі қалудың қамымен Барғана арғы бетке ауып кетеді. Олар арғы беттегі Бұратала өңірін мекендеп, Барғана сол жақта қайтыс болады. Бұл жақта қалған Барғананың бәйбішесі Шәкен апа Қайыпбергенді алып қызы Гүлстанды жағалап, Үржардан Үшаралға көшіп келіп, қоныстанады. Гүлстанның жұбайы Сәдуақас Рысбеков құдайына қараған адам болып шығады. Күлістан Үшаралдағы артельде тігінші, Сәдуақас күзетші болып жұмысқа орналасқан. Сонымен Шәкен және Босар апа, Қайыпберген, Сәдуақастың анасы Әни апа барлығы үлкен бір отбасы болып бірге тұрады. Сәдуақас бос уақытында балық пен аң аулап, топты жанға еш қиындық көрсетпей асырайды. Сол 1930-шы жылдары Гүлстан Қайыпбергенді күйеуінің тегіне ауыстырып алды. Ол кезде Қайыпберген 5 жаста болатын. Өйткені сол тұста Қытайда туысы бар адамдар қуғындалып, жұмыстан алынып, қатты қысым көретін. Қайыпбергеннің де, оның балаларының да кейінгі жылдарда қақты-соққы көрмей өсуіне, ержетуіне, өз талантымен елге қызмет етуіне осы қадамның да септігі тигені анық. Кейін Шөкейдің тоқалы Закария 1969 жылы арғы беттегі Алдоңғар ұрпақтарын бастап, елге оралады. Ал арғы бетке өткен Барғана ұрпақтары әкесінің тегін сақтап қалады.
Осындай тағдыр талайы қызық, сан қиындықты көріп өскен әулеттің басына 1941 жылы басталған соғыстың да салқыны аз тимеді. Сәдуақас ата мен Қайыпберген соғысқа аттанып, ынтымағы ұйып отырған отбасының шырқын бұзды. Сәдуақас соғыстан оралмай, Гүлстан апа 32 жасында жесір қалды.
– Әкем Қайыпберген Кеңес армиясының қатарында 1952 жылға дейін болды. Ішкі істер халық әскерінің қатарында Украинаны азат етуге қатысып, минашы болды. Барлық әлемдік көшбасшылар жиналып, бейбітшілік туралы келіссөздер жүргізген Ялта конференциясында күзет қызметін атқарды. Сондықтан соғыс бітсе де оны ауылға қайтармады. Әкем өте қарапайым, тәрбиелі адам еді. Ақыры Гүлстан апа жоғары-төменге хат жазып, әскери комиссариатқа анасы, әпкесі және әкесінің анасы бар екенін айтып жүріп, әскерден қайтарып алды, – дейді Баян Қайыпбергенқызы.
Әкесі елге келген соң аудандық комсомол комитеті оны бірден райкомға жұмысқа орналастырды. Алдымен нұсқаушы, содан кейін бөлім меңгерушісі болды. Сол жерде ауылдық мектеп бөлімінің меңгерушісі болып істейтін Жақсыбала Алдабергенқызымен үйленді. Жақсыбала 15 жасында жетім қалып, Өтеғұл ата мен Құрмаш апаның тәрбиесінде өнегелі болып бойжетіпті. Үйленген соң аудандық комсомол комитетінде жұмыс істей жүріп, Қайыпберген ҚазМУ-дің журналистика факультетін, Жақсыбала Абай атындағы ҚазПИ-нің тарих факультетін сырттай бітірді. Осыдан кейін Қайыпберген аудандық комсомол комитетінде ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, кейін аудандық газеттің жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, бас редакторы болды. Ұлы Отан соғысының ардагері, ҚазКСР және КСРО Журналистер одағының мүшесі, Үшарал қаласының Құрметті азаматы. Жақсыбала өмір бойы білім беру саласында жұмыс істеді. Қазақ КСР ағарту ісінің үздігі, партия ұйымының хатшысы, ұйымдастыру меңгерушісі болды. Екеуі де аудан тұрғындары ортасында құрметке бөленді. Бір қыз, төрт ұл өсіріп, оларды тәрбиелеп ержеткізді.
– Ата-анамыз біздің жан-жақты дамыған адам болғанымызды қалады. Бізді әр түрлі үйірмелер мен секцияларға берді. Гүлстан апа үйде отырса да біз балабақшаға бардық. Бірінші сыныптан бастап сауықтыру және пионер лагерлерьіне жіберіп тұрды. Мен, Қасен және Қанат музыка мектебінде оқыдық, фортепьяно сыныбын 7-сыныппен бітірдім. 3-сыныпта маған фортепьяно сатып әперді, бұл ол кезде қымбат дүние еді. Қасен мен Қанат баян сыныбында оқыды. Оларға да аспап сатып әперді. Сондай-ақ, Қанат пен Дәулет балалар спорт мектебінде оқып, кейін спортшы болып, Алматы қаласындағы дене шынықтыру институтына оқуға түсті. Қанат кейін ҚазМУ-дің тарих факультетін бітірді. Қасен фотосуретпен айналысты және бейнелеу студиясында жақсы сурет салды. «Жас техник» болды, баяннан басқа гитарада ойнады. Ол ҚазПИ-дің көркемграфика факультетін, Сейіт ҚазПИ-дің тарих факультетін бітірді. Қанат гитарада ойнады, мектепте вокалды-аспапты ансабмль құрып, музыка жазды, самбомен айналысты. Мен аудандық комсомол комитетінде жұмыс істей бастағанда, інілерімді басқа қалаларға пионер лагерлерьіне жіберуге мүмкіндік туды. Сонымен қатар, олар турис ретінде Мәскеу, Ленинградта болды. Қазір олардың отбасы, баласы, немересі бар. Келіндерім Бишат, Алмагүл, Гүлнұр, Қарлығаш ибалы, инабатты жандар болып кездесті. Шешемнің әкесі Алдаберген атамыз соғыста қайтыс болыпты. Өз өсиетінде: «Ұл бала болса менің тегімді беріңдер» деген екен. Сонымен інілерімнің және олардың балалары Алдабергеновтер болып жазылған, – дейді Баян Қайыпбергенқызы.
Баян Қайыпбергенқызы 1953 жылы 16 мамырда Талдықорған облысы, Алакөл ауданының Үшарал қаласында дүниеге келеді. Үшарал қаласының Ленин атындағы орта мектепті 1970 жылы бітірді. Орта мектепте жүргенде әкесі сияқты журналист болуға талпынды. Сол жылдары «Новая жизнь» газетінде, республикалық «Дружные ребята» газетінде, тіпті бүкілодақтық «Пионерская правда» газетінде мақалалары жариялана бастаған. Сондай-ақ, мектеп қабырға газетінің редакциялық алқасында болып, ҚазМУ-дің журналистика факультетіне түсуді армандады. Бірақ арманы орындалмаса да, Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтына түсіп, оны 1974 жылы «орыс тілі және әдебиет» пәнінің оқытушысы мамандығы бойынша тәмамдады. Институтта Қазақстан бойынша бидайдың қатты сорттарын іріктеу және өсірумен айналысқан атақты академик Бараевтың қызы Светлана Бараеваның тәрбиесін көрді. Сонымен қатар, оқу бағдарламасына кірмейтін түрлі іс-шаралар ұйымдастырды. Мәскеуге және Балтық жағалауына туристік комсомолдық жолдамамен барды, Шымбұлаққа тауға шығудың бастамашысы болды. Алакөл, Андреев, Сарқан аудандарында диалектикалық экспедициямен барып, материал жинап, ғылыми жұмыстар жазып, республикалық ғылыми студенттер конференциясына жіберілді. 2-курста Целиноград қаласына, ал 3-курста Семей қаласына экспедияцида болып, Қазақстан комсомолы ОК грамоталарымен марапатталды. Қаражатын үнемдеп құнды кітаптар жинаумен айналысты.
1984-1987 жылдары КОКП ОК жанындағы Алматы Жоғарғы партия мектебінде оқып, оны да нәтижелі аяқтады. Ал 1974-1975 жылдары Үшарал қаласындағы Н. Крупская атындағы орта мектепте орыс тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеп, өзінің білімі мен білігін шыңдады. Сол тұстары оның алдынан білім алған оқушылар бүгінде Талдықорған, Алматы және Қазақстанның басқа қалаларында, Ресей, Германия, Шешенстанда тұрады. Бәрі де білікті маман болып ержетті. Әлі де хабарласып тұрады. 1975 жылы мектеп жастары мен пионерлер мәселелері бойынша жетекшілік жүргізетін Қазақстанның ЛКЖО Алакөл аудандық комитетінің хатшысы, 1977 жылы Қазақстанның ЛКЖО Алакөл аудандық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Енді өмірдің ең қызықты және тынымсыз шағы басталды. Пионерге қабылдау, мектеп оқушыларының комсомол, пионер слеттері, лагерьлер, жиындар оның күнделікті өміріне айналды. Аудандық комсомол комитетінің хатшысы ғана емес, пионер ұйымының аудандық кеңесінің төрағасы ретінде де тынымсыз еңбектенуге тура келді. Нәтижесінде Бүкілодақтық пионер ұйымының 60 жылдығына орай «Пионерлермен белсенді жұмысы үшін» БЛКЖО ОК белгісімен марапатталды.
1983 жылы Алакөл аудандық партия комитетінің идеологиялық мәселелері жөнінде хатшы болып сайланды. КОКП таратылғанша 1991 жылдың тамыз айына дейін бұл қызметте 8 жыл жұмыс атқарды. Сол жылдардағы ең үлкен жетістігі – шегаралы өңірдегі мәдени шаралардың жандануы мен жауынгерлік даңқ мұражайларының ашылуына көп еңбек етті. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Талдықорған облыстық әкімдігінде кеңесші, аға референті, Талдықорған облысының Алматы облысына қосылуына байланысты Талдықорған қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, қалалық білім бөлімінің бастығы, Алматы облысы бойынша байланыс қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының төрайымы болып сан-салада қызмет атқарды. Сол тұстары Талдықорған қаласы, Алакөл ауданында, Талдықорған және Алматы облыстарында, ҚР кәсіподақтар Федерациясында, «Кәсіподақтардың дүниежүзілік Федерациясының» қоғамдық өміріне белсенді атсалысты. 15 жыл Алакөл аудандық кеңесінің халық депутаты, Алакөл ауданының комсомол, партия органдарының және бюросының мүшесі, Талдықорған облысы және Алакөл ауданының комсомол, партия конференцияларының делегаты, Қазақстанның ЛКЖО 13-14 съезінде, Қазақстанның байланыс қызметкерлерінің кәсіподағы мен Қазақстан Республикасының кәсіподақтар Федерациясының делегаты, Қазақстан мұғалімдер съезінің 2 мәрте делегаты болып сайланды. 2007 жылдан бастап 2015 жылға дейін ҚРФК Бас Кеңесінің мүшесі, ҚР байланыс қызметкерлері кәсіподағының атқару комитетінің мүшесі, ҚР байланыс қызметкерлері кәсіподағының орталық комитеті төрағасының штаттан тыс орынбасары болып жұмыс атқарды.
Малайзиядағы Куала-Лумпур қаласында Орта Азия және Тынық мұхиты өңірлерінен халықаралық әйелдердің, Түркиядағы Стамбул қаласында байланысшылар мен «Тюркметалл» металлургия өнеркәсібі мамандарының халықаралық съезіне қатысып, мол тәжірибе жинады. Жапонияның Нагасаки және Хиросима қалалары оқиғаларының 45 жылдығына арналған «ЮНИ» дүниежүзілік кәсіподағының халықаралық форумына қатысты. Бүгінде облыстағы және Талдықорған қаласындағы қоғамдық жұмыстарға белсене араласып келеді.
Еңбегінің нәтижесін де көрді. Алғаш мектепте ұстаз болып жұмыс бастағаннан бүгінге дейін көптеген марапаттың иегері атанды. Мемлекет басшылары мен түрлі министрліктің Алғыс хаты мен Құрмет грамоталарын, «Еңбек ардагері», «Кәсібодақ ардагері» қатарлы медальдардің иегері әрі «Қазақ КСР-інің Үздік ағартушысы» және Алакөл ауданының Құрметті азаматы.
Жоғарыда жазылғандар Баян Рысбекованың өмірінің қадау-қадау тұстары ғана. Бірақ тұтас өмірін елінің өркендеуі мен өңірдің дамуына арнаған жанның әр жетістігі ескерусіз қалмайтыны анық. Жылдар жылжып, уақыт өткен сайын оның құны артып, бағасы да қымбаттай бермек.
Қажет Андас