Адам баласы жаратылғалы бері бай, кедей, әлді, әлсіз дейтін түсініктер қалыптасып, топтық бөлінушіліктер де пайда болды. Алдыңғылары асып-тасып ғұмыр кешсе, кейінгілері бірді бірге жалғап, тағдыр торабында сүйретіле жүрді. Алайда көш басындағы атымтайлар өмір аламанының соңында қалған мұқтаж жандарға демеушілік жасап, оларды күн көзіне қарай шығаруда көптеген сауапты істердің басынан табылуда.
Бүгінгі таңда шекара шебінде қара шаңырағының қазығын қаққан айдын Алакөл ауданында жастардың белсенділігінің арқасында «Бір арман» қайырымдылық жобасы қолға алынды. 2017 жылдың соңында бастама көтерген қайырымдылық қозғалысының арұасында мұқтаж жандардың мүддесіне қарай 1,6 млн. Теңге игерілген.
Жобаның алдағы жоспары да ауқымды. Демеушілердің арқасында көптеген істің ұшын шығарып, халықтың пайдасына жарату мақсаты көзделіп отыр. Бұған әр азамат та тілекші әрі терек бола алады. Өйткені біздің сауапты іске деген бір қадамымыз көмегіміз тиген жандардың келешегіне бағытталған мың қадаммен пара-пар.
«Саусақ бірікпей, ине ілікпейді демекші» ел болып бірігіп, жұрт болып жұмылған істің кенжелеп қалмасы анық. Ауызбірлік пен тастүйін татулықтың тұғыры биік тұрғанда алынбас қамал жоқ. Бір аспанның астында, бір ауданның аумағында ғұмыр кешіп жатқан көмекке зәру жерлестерімізге қол ұшын созуда қарымды қадамдар жасап жатқан жобаның келешегіне үміт зор.
Бір айта кетерлігі акция аясында «Бір Арман» жобасы үшін әлемге белгілі спортшыларымыздан алакөлдік жастарға видео үндеу жасалды.
Видео арқылы жолданған үндеуді жұрт намысын жұдырығымен қорғап жүрген былғары қолғап шебері, кәсіпқой бокстан Кариб аймағының үздігі, әлем чемпионы, «WBA FEDELATION», «WBO INTERCONTINENTAL» тұжырымдарының жеңімпазы, алты алаштың атағын алты құрлыққа әйгілі еткен Қанат Ислам бастады. Ол өз сөзінде спорттың адам өмірінде алатын елеулі орнына тоқтала келіп, барлық алакөлдік ұл-қыздарды шынығып, шымыр болуға үгіттеді.
Келесі болып ізгі ниеттің тізгінін ұстаған «Астана Арланс» бокс клубының бас менеджері, Афина қаласында өткен олимпиада ойындарының жеңімпазы, күрзі жұдырықты боксшымыз Бахтияр Артаев: «Қазақстанның болашағы жастардың иелігінде болғандықтан, олардың білімді, білікті, табанды, талапты, ширақ, шапшаң болулары міндетті құбылыс. Ол үшін ең алдымен ерінбей оқу іздеп, салауатты тірлікке бой алдыру керек»,- дей келе, спортпен айналысудың артықшылықтардың жіпке тізіп шықты.
Видео үндеуге үн қосқан Пекин олимпиадасының күміс медаль жүлдегері, жауырыны оңайлықпен жерге тимейтін адуынды азамат, белдескеннің белін үзер балуанымыз, облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев бейбітшіліктің белгісі, өзара ынтымақ пен тыныштықтың символы саналатын спорт түсінігіне кеңінен тоқталып, алакөлдік өрендерді осы өнердің өрінен көрінуге шақырды.
Артынша татмиден тұяғы тайып көрмеген боз кілемнің төресі, дзюдодан Сидней олимпиадасының қола жүлдегері (Қырғыстан Республикасының атынан), жерлесіміз Айдын Смағұлов пен жауынгерлік самбодан әлемнің үш дүркін жеңімпазы және әлем кубогының үш мәрте иегері Арман Оспанов, греплинг күресінен Азиның күміс, әлем біріншілігінің қола медаль иегері Жомарт Болатханұлы өңір жастарын жалындап тұрған шағында ұсынылған мүмкіндіктерді ұтымды пайдаланып, мәңгілік елдің мәңгілік келешегін қалыптастыруда аса белсенділік таныту керектіктерін баса айтты.
Алдағы уақытта Қуат Хамитов, Жәнібек Әлімханұлы, Бауыржан Оразғалиев сынды жерлестеріміз бен Ардақ Назаров, Мәулен Мамыров, Дәурен Жұмағазиев секілді белді спортшылар алакөлдік жастарға жолданған үндеуге үн қоспақ.
Алмат ЕСЕНБЕКОВ.