Алакөл ауданында тағы бір спорт кешені бой көтеріп, пайдалануға берілді. Бескөл ауылдық округінің, Бұлақты ауылында заманауи спорт кешені ашылды. Ашылу салтанатына аудан әкімі, Облыстық спорт басқармасының өкілдері келді. Алғысөз аудан әкімі А.Абдиновқа берілді. Өңір басшысы бұқаралық спорттың дамуын тілге тиек етіп, болашақ спортшыларға жағдай жасаудың маңызын айта кетті. Содан кейін Жетісу облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, «Қазақстан барысы» турнирінің тұңғыш жеңімпазы Ұ.Рысқұлға сөз берілді. Ардагер спортшы өз кезегінде өңірдегі спорттың дамуына баса назар аудару керек екенін қадап айтты. Ауылдан шыққан спортшыларға заманауи спорт кешендерін салып, жағдай жасап, еш кедергісіз жаттығуы үшін аянбай керек екенін айтты.
Шара соңында ауыл ақсақалы, еңбек ардагері Ж.Рымбаев ақсақал бата беріп, бұл кешеннің халық игілігі үшін ұзақ жылдар бойы қызмет етсін деген ниет білдірді. Содан кейін ақсақалдар мен қонақтар кешеннің лентасын қиып, салтанатты түрде ашып берді.
Бұл нысанды «Глобал констракшн КЗ» ЖШС салып шыққан. Спорт кешені 80 орынға лайықталған. Аумағы 1 гектар жерді құрайды. Кешен сыртында жеке қоршалған кіші футбол алаңы бар. Сондай-ақ екі уоркаут жаттығу алаңы орналасқан. Кешен ішінде бір бокс залы, бір күрес залы және бір жаттығу залы бар. Сондай-ақ көлемі үлкен әмбебап спорт зал орналасқан. Төрт киім ауыстыратын бөлмелер де жабдықталған. Ішінде жуынатын бөлме мен дәретханасы орналасқан. Оның екеуі қыздарға, екеуі ұл балаларға арналған. Сонымен қатар заманауи кешенде медициналық бөлме де қарастырылған.
А.Сүлеймен.