Біліктілікті саралаған байқау

Елбасымыз Н.Назарбаев бір сөзінде: «Барлық нұротандықтардың басты міндеті – халқымыздың бірлігін бекемдеу, өзінің саяси көшбасшылығын күнделікті істе дәлелдеу, экономиканы, мемлекетті және қоғам өмірінің барлық бағыттарын жаңғырту үдерістерінің басында болу»,- деп айрықша атаған еді. Сондықтан да бастауыш партия ұйымдарының үздігін анықтау, олардың жұмыс тәжірибесі мен жаңашылдықтарын елдің барлық аймақтарына тарату, білікті әрі белсенді БПҰ төрағаларынан партиялық кадрлардың резервін қалыптастыру және аталмыш азаматтардың атқарып жатқан істеріне қоғамның назарын аудару мақсатында «Үздік бастауыш партия ұйымы» байқауы жарияланған болатын.

Дәстүрге айналған доданың аудандық кезеңінде бақ сынауға өңірімізден 24 бастауыш партия ұйымы ұсыныс білдірген. Құрамындағы адамдар санына байланысты 3 санат бойынша сайысқа түскен ұйымдар жеті бағыт негізінде бағаланды.

Байқаудың ашылу салтанатында сөз алған «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Көкебаев жарыстың өту тәртібі мен ережесі жайлы сөз етсе, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы М.Сүлейменовүміткерлерге сәттілік тілеп, үздік атану үшін бар күш-жігерлерін сарп ету қажеттігін айтты.

Еліміздегі Бас партияның қолға алған іргелі жобалары мен бағдарламаларын іске асырудағы белсенділіктері, жұмыс барысында жаңа әдістерді пайдалану мен азаматтық бастамаларға жол ашулары, БПҰ-ның қызметін бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттаулары, жастармен бірлесе атқарған іс-шаралардың тиімділігі және ұйым төрағасының өз ісіне деген жауапкершілігі мен ұқыптылығы сараланған сайыс жоғарғы деңгейде өтті. Бірінен бірі озған үміткерлердің аталмыш додаға жіті дайындалғандарын аңғару қиын болмады. Жыл бойына атқарған істерін он бес минуттық баяндамаларына сыйдыра алмаған жетекшілердің барлығы да бас жүлдеге лайықты екендіктерін көрсетті.

Төрт сағатқа созылған жарыстың қорытындысы бойынша 1-санатта (ұйым мүшелігінде 100 адамға дейін) Ақтүбек, 2-санатта(ұйым мүшелігінде 500 адамға дейін) Көлбай, 3-санатта (ұйым мүшелігінде 5000 адамға дейін) Үшарал бастауыш партия ұйымдары үздік деп танылып, облыс деңгейінде өтетін екінше кезеңге жолдама алды.

Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне дипломдар және бағалы сыйлықтар табысталды.

АЛМАТ ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: