Білім әлемдік, тәрбие ұлттық болуы керек

Ұлт көшбасшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбындағы мақаласы адами құндылық, рухани байлық, жастарды тиісті дәрежеде тәрбиелеу, олардың бойына патриоттық сезімді сіңіре білу сынды сындарлы мәселелер көтерілді.

Осы ретте Елбасының руханиятқа, білімге, ғылымға мән беруі – үлкен көрегендік. Бұл – егеменді еліміздің тәуелсіздік тұғырын нығайта түсу мақсатында атқарылып жатқан игі бастама. Сондықтан да саясатта, экономикада, рухани түсінікте, қысқасын айтқанда барлық салада бәсекеге қабілетті болу керек. Ал бірін-бірі асып түсуге ұмтылмау, соның салдарынан көш соңында қалу қазіргі заманның принциптеріне қайшы келетін дүниелер.

Ол үшін алдымен ескіден қалған ессіз түсініктер мен таптаурын қағидаттардан бас тартып, дәуір сұранысына қарай адымымызды кеңейткен абзал. Өмірлік тәжірибе, сан ғасырлық тарихымыз көрсеткендей әлемдік аламанның басынан көріну үшін – білім құндылықтарын ұлықтағанымыз жөн. Қазір бір сарында, самал қайда соқса солай бет бұрып, жүретін мезет емес. Өзгерістер аулына қарсы желкен көтеріп, баянды болашаққа қарай бағыт түзейтін уақыт.

«Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген даналар ұлағатын ескерсек, біз құрдас болып отырған заманда қарусыз майдан оты өршіп тұр. Ақпараттық қақтығыстар қарқынын үдетіп, тек санасы таза, өрелі, ойлы, ақылы толысқан азаматтары мол мемлекеттер алдыңғы қатардан көрінуде. Осы ретте айтпағым, білім әлемдік, тәрбие ұлттық болуы керек. Өйткені дүниежүзі халықтарының озық идеялары мен ұтымды жобаларын ұлттық болмысымызға бейімдей алсақ, елім, жерім деп бір жеңнен қол шығарар, Отаным деп от басуға әзір ұрпақ өрбітпекпіз. Ықылым замандардан тамырын үзбеген құндылықтар жүйесін жастарымыздың санасына сыналай қағып, үздік үрдістерімізді бойларына сіңіріп өсірудің ұтымды тұстарын орасан.

«Ел боламын десең бесігіңді түзе» демекші, рухани жаңғыру процесінің нәтиже беруі алдымен кейінгі толқын өкілдерінің сапалы білім мен салиқалы тәрбие көруінде. Ұлттық болмысымызға баулып, адами құндылықтарды дәріптеу арқылы олардың өмірге деген көзқарастарын түзеу біздің басты мақсатымыз.

 

 

С.ҚҰНАНБАЕВА,

№1 Үшарал орта мектебінің директоры.

Мәліметпен бөлісу: