Туризм. Талай мемлекеттердің даму процесін жеделдетіп, экономикалық ахуалына оң әсер берген аталмыш сала жер жәннаты саналатын Жетісудың жақұт мекеніне айналған Алакөлде де алға басып келеді. Ақ айдыны тулаған, ақ шағаласы шулаған көл, аңқасы кепкен құм дала, ит тұмсығы батпайтын ну орман, асқары аспан сүйген таулар, шүйгін шөбі ат бауырын сипайтын апайтөс дала, көбікті өзендер, көрікті жазықтар – бұның барлығы жалғыз ғана ауданымыздың аумағынан табылады. Осындай игіліктерді төсіне қондырған өңірдің туризм саласындағы қадамы қарымды болары сөзсіз.
Өткен жыл ауданымыз үшін табысты аяқталып, көл жағалауына 753 мың мейман сапарлай келген болатын. нәтижесінде 3,5 млрд. ақылы қызмет көрсетіліп, мемлекет қазынасына да қомақты салық жүктемесі түсті. Бұл алдымен әлеумет әлеуетінің еселенуіне, көл жағалай күн-көріс қамын күйттегендердің жағдайының едәуір оңалуына әсер еткені хақ. Шипалы судан ем іздеп, серігіп қайтуға келген қонақтарға 195 демалыс орны қызмет көрсетті. Олардың 19-ы былтыр ашылып, 209 адам маусымдық жұмыспен қамтылған болатын. Аталған пансионаттардың тәуліктік сыйымдылығы 25000 орынды құрайды. Солардың ішінде ең ауқымдылары ретінде «Алакөл ресорт», «Ала Теңіз», «Аласу», «Қара Тас», «Гранд Вилл ресорт», «Аквамарин ресорт», «Алтын Ебі», «Көктұма» сынды нысандарды айтуға болады. Ал биыл ашылғалы тұрған қысы-жазы қызметін тоқтатпайтын ««Фалкон Петролеум»» қонақ үйі үлкен резонанс тудырмақ. Сонымен қатар «Феникс Компании» серіктестігі 2025 жылға дейін құны 10 млрд. теңгені құрайтын үлкен жобаны жүзеге асырмақ. Бұдан бөлек тағы да екі кәсіпкердің демалыс орындары пайдалуға беріліп, аумағы 4 гектарды құрайтын саябақ қақпасын айқара ашпақ. «Helios» ЖШС-мен келліссөздер жүргізіліп, аталмыш елді мекенге кіреберіс бұрылысқа автокөлік жөндеу және жуу қызметтерін қоса атқаратын жанар-жағармай бекетін салу жоспарда тұр. Халық қауіпсіздігі алдыңғы қатарлы мәселе болғандықтан жағалауды бекіту жұмыстары да назардан тыс қалмаған.
Көл жағалауынан орын тепкен Ақши, Көктұма ауылдары да меймандар сұранысы мен талабына қарай өзгеріп, қарқынды даму даңғылына түсті. Атап айтсақ, Ақши ауылындағы демалыс орындарын үздіксіз жарықпен қамтамасыз ету мақсатында 623 млн. теңге бөлініп, қаражат толықтай игерілді. Ауыз су, кәріз жүйелірін ретке келтіру мәселесі де қолға алынды. Ауыл ішінде 23,78 км жаяу жүргіншілер мен автокөлік жолының құрылысына 2,94 млрд. теңге жұмсалды.
Бір айта кетерлігі жол машақатынан мезі болған меймандардың сапарын жеңілдету мақсатында былтыр әуежай өз қызметін бастап, «Жетісу» авиакомпаниясы «Астана –Үшарал – Астана» және «Талдықорған – Үшарал – Талдықорған» бағыттары бойынша «ЯК-40» ұшағымен адам тасымалдаса, биыл «SCAT» авиакомпаниясы «Алматы – Үшарал – Алматы» бағытында 50 орындық «Bombardier CRJ200» әуе көлігінін іске қосты.
Демалыс маусымының басында Ақши ауылында жаңа темір жол вокзалы қолданысқа беріліп, алғашқы қонақтарды облыстық туризм басқармасының басшысы Ж.Алчимбаева мен аудан әкімінің орынбасары А.Аханов салтанатты түрде күтіп алды. «Алматы – Ақши» бағыты бойынша «Тұран-экспресс» пойызымен келген мыңға жуық мейман жаңа вокзалдың шымылдығын ашты. Сонымен қатар жуырда «Астана – Ақши – Достық» бағытында да көл маусымында отарбалар қатынайтын болды. Жалпы вокзал құрылысына 201 млн. теңге жұмсалған.
Алдағы уақытта «Талдықорған – Өскемен», «Үшарал –Достық» аралығындағы күре жолдар күрделі жөндеуден өткеннен кейін Алакөлге ағылған туристер саны еселенетініне күмәніміз жоқ. Әуе, темір, күре жолдарын түгелдей қолданыс тапқан ауданымыз болашаққа туризм саласының қазаны қайнаған, алып демалыс аймағына айналады деген сенімдеміз.
Бір айтарлығы аудан әкімі Ә.Жақанбаев биыл көл жағалауына келіп демалушылардың санын 1 млн.-нан асыруды міндет етіп қойған болатын. Осы мақсатта жоғарыда атап өткендей көптеген ауқымды істер атқарылған болатын. Келушілер саны осы межені бағындыру үшін ағымдағы жылы 1500 орынға арналған 18 демалыс орны қолданысқа берілді. Соның нәтижесінде және де өзге нысандарда барлығы 1300-ден астам адам маусымдық жұмыспен қамтылды. Туризм саласындағы табыс көзі де адам нанғысыз межеге қол созды. Олай деуімізге биылғы ақылы қызметтен түскен қаржы 5 млрд. 811 млн. теңгеге жетуі дәлел бола алады. Бұл бұрын соңды болмаған рекордттық көрсеткіш.
Сонымен қатар биыл жергілікті меценат, Алакөлдің атымтайы Б.Оспановтың бастамасымен Лепсі ауылдық округінде «Эко» туризм саласы бір жолға қойылды. ҚР мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы мен облыс әкімінің орынбасары Ж.Омар арнайы келіп, ашылу салтанатына қатысқан жаңа салт аттылар сапары Ойжайлау атшабарынан бастау алып, Жамантас жайлауына дейін созылып жатыр. Бұл туристік бағыттың бір ерекшелігі ерттеулі атты тізгіндеп, хұсни табиғаты көздің жауын алған тауды бойлай бір серігіп қайтасыздар. Қымыз-қымыран ішіп, құрт-ірімшіктен дәм алып, нағыз қазақы тірліктің қазанына түсесіз. Қазіргі тар көшелерінен тынысың тарылып, тас жолдарынан мезі болған қала тұрғындарына таптырмас дүние де осы.
Жыл бедеріне назар аударсақ бұл көрсеткіщтер арқылы туризм саласының кезекті сатысы бағындырылғанын аңғарамыз. Келушілер саны да жоспардан асты, қалтаға түскен қаражат та қомақты. Алайда 2018 жылдың басты жаңалығы 9 мамыр – Жеңіс күнінде ауданға Елбасы Н.Назарбаетың келуі болды. «Үшарал» әуежайына келіп қонған мемлекет басшысы алғашқы қадамдарынан-ақ өңіріміздің айтарлықтай өзгергенін тілге тиек етті. Себебі бұл Президентіміздің Алакөлге жасаған алғашқы сапары емес. Жаңа әуежайдың қызметін бағамдағаннан кейін Ақши ауылындағы темір жол вокзалынан ат басын тіреді. Лауазымды тұлғалармен өткен кеңес барысында Ұлт көшбасшысы: «Алакөл Қазақстан бойынша ең көп демалушы баратын жерге айналуы керек. Ол ыңғайлы жерде орналасуымен ерекшеленіп, барлық өңірдің тұрғындары үшін қолжетімді болып отыр. Көлдің бірегейлігі суының емдік қасиетіне байланысты. Оның құрамында радон, сілті және басқа да пайдалы элементтер бар. Осыған байланысты Алакөл еліміздің туризм саласы үшін өте маңызды»,- деп атап өткен болатын.
Осы сапардан кейін көл жағалауына келушілердің легін бірден ұлғайды. Бұл тек қарапайым халыққа әсерін тигізіп қоймай, сонымен қатар ел тізгінін ұстаған атқамінерлер, беделді тұлғалар, абыройлы азаматтар да Алакөлге қонақ болып қайтты. Ең алғашқы болып республикалық маңыздағы телевидение журналистері сапарлай келді. Жиырмаға жуық қалам ұстаған қауым өкілдері ауданның соңғы жылдардағы даму процесі мен туризм саласындағы жетістіктерін жарыса хабарлады. Сөйтіп ауданымыздың көк жәшіктегі ең өзекті тақырыпқа айналды.
Артынша Елбасының Алакөлді дамыту тапсырмасының аясында курорттық аймаққа ішкі және ресейлік туристердің легін арттыру мақсатында қос елдің ғарышкерлері көл жағалуына келіп тоқтады. Себебі емдік қасиеті бар көлдің суы Кеңес одағы кезінде ғарыш сапарынан келген азаматтарды қайта қалпына келтіру мақсатында пайдаланылғаны да белгілі.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған бұл сапарда Қазақстанның Халық қаһарманы, авияция генерал-лейтенанты, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ғарышкер Талғат Мұсабаев, Кеңес одағының батыры Анатолий Арцебарский, Қазақстанмен Ресейдің ғарышкері, қос мемлекеттің Халық қаһарманы Юрий Маленченко, Ресей Федерациясының ғарышкері, заң ғылымдарының докторы, профессор Юрий Батурин сынды белді, белгілі азаматтар киелі өңіріміздің топырағына табан тіреді. Құрметті қонақтарды аудан әкімі Ә.Жақанбаев әуежайдан арнайы күтіп алып, Алакөлдің тыныс-тіршілігімен таныстырды.
Сонымен қатар киелі өңірге мәжіліс депутаты ҚСұлтанов, сенат депутаттары А.Мұсаханов, Т.Мұқашев, Н.Наурызбаев секілді белгілі тұлғалар мейман болып қайтты.
Туризм саласының әлеуетін көтеру мақсатында биыл осымен екінші мәрте Ақши аулында дуатлон додасынан республикалық дәрежеде сайыс ұйымдастырылып, оған әр төрт жылдықтың тұғырлы бәсекесі саналатын олимпиада жүлдегерлері қатысты. Бұл өз кезегінде туризмді дамутыдан бөлек халықтың салауатты өмір салтын ұстануға деген құлшыныстарын еселей түсті. Аталмыш жарыста спортшылармен қатар ҚР мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы мен облыс басшысы А.Баталов та велосипед тізгінін ұстап 20 шақырымға созылған жарыс жолын бағындырды.
Алға қойылған міндеттер де ауқымды. Елбасы тапсырмасына сай ең алдымен жағалауды бекіту ісіне баса назар аудару керек. Сонымен қатар жаһандық бәсекелстіктегі бәсіміздің жоғарылату үшін көл жағалауын бойлай құлашын жайған ауылдардағы инфрақұрылым мәселесін алдыңғы қатарға қойып, жол, су, кәріз, жарық, қызмет көрсету сынды дүниелерді заманға сай түрлендірген абзал. Адам алдымен көзімен баға беретінін ескеріп әр нысанның сәні мен сәулетіне көңіл бөліп, тазалықты да естен шығармаған жөн. Сонда ғана ауданымыз қарқынды даму даңғылына түсіп, көз ілеспес жылдамдықпен алға жылжымақ. Ал өңіріміздің өркендеуі тұрғындардың тұрмысының оңалып, жұрттың жағдайының өсуіне түркі болары сөзсіз.
АЛМАТ ЕСЕНБЕКОВ.