Бірлік пен келісім – мемлекет тұғырының теңселмеуіне тірек болар бірден бір қуатты күш. Топыраққа тоғытылған өткенімізге зер салып, зерделейтін болсақ дәл осы достық пен татулықтың, берекелі тірліктің арқасында тағдырдың талай тайғақ кешулерінен аман шықтық.
Киелі қазақ шаңырағына уық болып қадалған өзге этнос өкілдері «Қазақстан – достық пен татулықтың шынайы мекені» дегенді ұранға айналдырған. Ұлтаралық татулықты нығайтуға Қазақстанда тұрып жатқан әр ұлттың өкілі келешек ұрпағымыз үшін этносаралық достықтың, конфессияаралық түсіністіктің қаймағы бұзылмауына еңбек етіп, атсалысады.
Елбасы Н.Назарбаев Қазақстандағы тұрақтылықты сақтаудың алғы шарты ретінде бірінші кезекте экономиканы өркендетудің қажеттілігін алға қойған. Сол себепті «Алдымен экономикаға» қағидасын ұстана отырып, экономиканың әр саласында білек сыбана қызмет істеп жүрген барлық этностың басын қосып, Қазақстан халқы Ассамблеясын құруы – өзге халықтарға үлгі-өнеге бола білді.
Қиын-қыстау заманда қазақ елін паналап, қамқорлығын, жақсылығын, кеңпейілділігін, адамгершілігін, қонақжайлылығын көрген өзге этнос өкілдері қазақ халқын жоғары бағалап, құрметтейді. Өз тілдерінде еркін сөйлеп, өз ойларымен биік шыңдарды бағындырып жүргендері де бар. Бұл – қазақ елінің жомарттығының айқын дәлелі.
Тәуелсіз елімізде, этносаралық татулықтың, достықтың, конфессияаралық бірліктің де берік негізі қаланды. Ендігі біздің мақсатымыз – елдегі тұрақтылықты сақтап, экономикалық өркендеуді дамыта отырып, өз Отанымыздың кемелді келешегі үшін, баянды болашағы үшін адал қызмет ету.
Бірлік пен келісімнің арқасында бүгінгідей мамыражай тіршілік кешіп, құда-жекжатты болып, туысқа айналдық. «Тәрбие басы – тал бесік» демекші, отбасындағы, үйдегі аналар, әжелер мектебі осы тұста мықты діңгек болуы керек. Баланың санасына ұлттың жаманы болмайтындығын құйып, түсіндіріп, татулықтың, бірліктің, келісімнің нәтижесі биік шыңдарға шығаратындығын әркез айтып отырған дұрыс.
Тағдыр табыстырып, тарих тоғыстырған түрлі этнос өкілдері азаттықтың арайлы таңында ортақ Отанымыздың іргесін бірге қаласып жатыр. Қазақстанды тегі басқа болғанмен теңдігі бір, қаны бөлек болғанмен жаны бір ұлттар мен ұлыстар мекен етіп отыр. Олар көк Тудың астында бірігіп, туған жердің абыройын асқақтатқысы келеді.
Бірлік пен келісім ел дамуының бастауы болды. Киелі қазақ жерінің көркеюі, бейбітшілік пен келісім – біздің басты байлығымыз.
Күрделі міндеттерді шешудің негізі бірлікте екендігін жадымыздан еш шығармай, достық пен келісім арқылы ғана Қазақстанды биік белестерді бағындыратын еңселі мемлекетке айналдыра аламыз. Бірлік пен келісім – Қазақстан дамуының негізі. Егер осы қасиеттер бойымызда болмаса, әрқайсысымыз өз білгенімізше сан-саққа, жан-жаққа тартар болсақ, онда тұрақтылық та, бейбітшілік те, достық та болмайды. Әр адам туған жеріне тағзым етіп, оның өркендеуіне үлес қосқанда, қасындағы көршісіне қолғабыс көрсеткенде, бір-біріне бауырмалдық танытқанда ғана бірлігі жарасқан, келісімі келіскен ғажайып елге айналамыз.
Еркежан ЕРБОЛАТҚЫЗЫ,
Үшарал қазақ гимназиясының мұғалімі.