Жетісу өлкесі – ежелден ақындар айтысының құт мекені болып саналады.
Біржан мен Сара айтысы – айтыс өнерінің шоқтығы биік бір саласы. Айтыс сөз өнерінің көркемдік қуатын, заманның әлеуметтік жүгін барынша молынан танытқан керемет өнер үлгісі болды. Асыл сөздің маржаны бүгінгі күнге жетіп, қазақ халқының ортақ қазынасына, ұлы мұрасына айналды.
Осы орайда, Алматы облысының ішкі саясат басқармасы, облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен Жетісу өңірінің айтыс мектебін қалыптастырған қайраткерлердің өмірін, мұрасын зерделеу және дәріптеу, осы бағытта еліміздің халық қазынасына айналған айтыс өнерінде жеткен жетістігін жеткізу, Тәуелсіздік мұраттары мен құндылықтарын насихаттау, Тәуелсіздік жылдары атқарылған игі істерін ұлықтау, жастарға әлеуметтік-рухани қолдау көрсетіп, олармен шығармашылық байланыста бірлесіп жұмыс атқару, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңыздылығын түсіндіру, осы арқылы көпшілікке өскелең ұрпақты отан сүйгіштікке тәрбиелеп, олардың таным-талғамын ұлт руханиятына бағыттау, қазақ халқының мәдениеті мен салтын насихаттау мақсатында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына сәйкес «Біржан мен Сара айтысының» 150 жылдығына арналған республикалық «Біржан мен Сара айтысы: тарихи шындық пен дерекнама» атты ғылыми-теориялық конференциясы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өтті.
Қазақ халқының тарихымен тамырласып келе жатқан асыл мұрасы ақындар айтысы. Айтыс – синкреттік жанр, ол тұрмыс-салт жырларынан бастау алып, уақыт өте ақындар айтысына ұласқан. Айтыста лирикалық, эпикалық, драмалық сипаттар мол кездеседі. Сол арқылы айтыс өнері ауыз әдебиетінің өзге түрлерімен қанаттаса дамып, бір-біріне елеулі әсер-ықпал жасап отырды. Батырлар және лиро-эпос жырларына да әсерін тигізіп, өзі де арнасы кең салаға айналды.
Айтыс өнері тарихында «Біржан мен Сара айтысы» бір жарым ғасыр бойы қазақ руханиятының ұлы мұрасы болып, бүгінде әлемдік деңгейде насихатталалып, жұрттың ықыласына бөленді.
Конференция аясында «Біржан мен Сара айтысы» тақырыбын зерттеген немесе Біржан сал Қожағұлұлы мен Ақын Сара Тастанбекқызының өмір жолын, шығармашылық мұрасы мен қоғамдық-мәдени қызметін жан-жақты зерттеп жүрген кәсіби мамандар, елімізге танымал тұлғалар, ғалымдар және жазушылар Біржан сал мен ақын Сараның өмір жолы, қоғамдық-мәдени қызметі туралы ойлары мен зерттеулерін, тың архивтік деректер көпшілікке айтылды.
Конференцияны құттықтау сөзбен Алматы облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов ашты. Келесі кезекте, «Біржан мен Сара айтысы әрдайым биіктей түседі» тақырыбында жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парламенттегі Сенаторлар кеңесінің мүшесі, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Жабал Ерғалиев, «Қазақ айтысының інжу-маржаны» тақырыбында Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық ЮНЕСКО сыйлығының лауреаты, Қазақ журналистикасының қайраткері, Қазақ Телевизиясының ардагері, ақын, публицист, қоғам қайраткері. «Аягөз» тарихи романының, «Аққулар жүрек жасайды» («Аққу – жүрек», т. б. кітаптардың авторы) – Жұмаш Кенебай, «Аманат хаттың ізімен» тақырыбында «Құрмет» орденінің иегері, «Біржан мен Сара» айтысын зерттеуші, «Нұр-Сұлтан» қаласы ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы – Салтанат Меңлібаева, «Ел есінде қалған айтыс» тақырыбында әдебиеттанушы, «Біржан мен Сара айтысы: тарихи шындық пен дерекнама» кітабын құрастырушы автор – Ерден Нұрахмет сынды танымал тұлғалар өз баяндамаларын жасады.
Ал Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты, Бағдарлама жобаларының басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рүстем Қанапиянов конференцияның қорытынды сөзін сөйлеп, көпшілік назарына ұсынды.
Сондай-ақ, «Біржан Сара» туралы сахналық қойылымы, «Біржан Сара» туралы деректі фильмі, «Сара Тастанбекқызының» тұрмыста қолданған заттары, шығармашылығы жазылған кітаптары мен жеке құжаттары, т.б. құнды заттары қойылған көрмесі және «Біржан сал мен Сара айтысы» кітабының тұсаукесері оқырманға ұсынылды.
Конференция Жетісу айтыс мектебінің кешегі және бүгінгі жалғастығын, айтыс өнері барысында дараланған тұлғалардың болмысы мен сөз өнерін жастарға жеткізуді өзек етті.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ақындардың тарихи мұрасын одан әрі зерттеу, Жетісудың дүлдүл ақындарының өнерін ұрпаққа өнеге ету мақсатындағы жұмыстар жалғаса беретін болады.