Биыл Жетісу облысында 935 мың тонна астық жинау жоспарланған, бұл өткен жылдағыдан 41%-ға артық

Жетісу облысында егін жинау науқаны жалғасуда. Биыл шаруалар астықтың жалпы түсімін 935 мың тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл 2025 жылғы 663,0 мың тоннамен салыстырғанда 41%-ға жоғары. Қазіргі таңда бидай мен арпаны жинау жұмыстары толық аяқталды. Шаруашылықтар дәндік жүгері, майлы дақылдар мен қант қызылшасын жинауда. Бүгінде 547 мың тонна астық бастырылды, орташа өнімділік гектарына 23 центнерден асады, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта дәндік жүгері жиналып жатыр. Жалпы 62,7 мың гектар алқаптың 7 мың гектары орылып, гектарынан орта есеппен 75,7 центнер өнім алынды. Бүгінде 52 мың тонна жүгері жиналды.

Сонымен қатар майлы дақылдарды жинау жұмыстары да жалғасуда. Қазіргі таңда жалпы егіс алқабының 38%-ы жиналды. Орташа өнімділік гектарына 15,0 центнерді құрап, 60 мың тонна өнім алынды.

Егін жинау науқаны барысында қант қызылшасына да ерекше көңіл бөлінеді. Биыл бұл дақыл 13,5 мың гектар алқапқа егілді. Алқаптан 585 мың тонна өнім алу жоспарлануда. Оның 374 мың тоннасын Көксу қант зауытына, 211 мың тоннасын Ақсу қант зауытына жөнелту көзделген.

«Қант қызылшасын жинау жұмыстары 24 қыркүйекте басталды. Бүгінде 537 гектар алқап жиналып, 23,9 мың тонна тәтті түбір алынды. Орташа өнімділік гектарына 445 центнерді құрап отыр, бұл 2025 жылғы 402,5 центнермен салыстырғанда жоғары. Облыстағы екі қант зауытына қазірдің өзінде 16,2 мың тонна қызылша жеткізілді. Жалпы биыл Жетісу облысында қант қызылшасы мен қант қамысынан 101 мың тоннаға жуық қант өндіру жоспарлануда», – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев.

Сонымен қатар диқандар алдағы ауыл шаруашылығы маусымына дайындық жұмыстарын жүргізуде. Күзгі дала жұмыстарына 6,6 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Кестеге сәйкес бүгінде оның 5,4 мың тоннасы сатып алынып, 4,6 мың тоннасы шаруашылықтарға жеткізілді. Қалғаны қазан айында сатып алынатын болады.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді минералды тыңайтқыштармен және тұқыммен қамтамасыз ету жұмыстары да жалғасуда. Биыл минералды тыңайтқыштарды қолдану көлемін 70,6 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Қазіргі таңда жоспарланған көлемнің 91,1%-ы сатып алынып, егістік алқаптарда қолданылды.

2027 жылғы егіс науқанына 65,2 мың тонна ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымы қажет. Бүгінде қажетті тұқым көлемінің 74,3%-ы дайындалды.

Маусымдық жұмыстарды жүргізуде мемлекеттік қолдаудың маңызы зор. «Кең дала-2» бағдарламасы аясында көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін 455 шаруашылыққа жалпы сомасы 11,3 млрд теңге көлемінде несие берілді.

Сонымен қатар «ҚазАгроҚаржы» арқылы ауыл шаруашылығы техникасын лизингіге сатып алуға 456 өтінім түсті. Қазіргі таңда 355 бірлік техника сатып алынды, оның 26-сы комбайн, 223-і трактор және 207 басқа да агрегат бар.

Осылайша, Жетісу облысында егін жинау жұмыстарымен қатар келесі маусымға дайындық та қатар жүріп жатыр. Атап айтқанда, тұқым қоры қалыптастырылып, тыңайтқыштар мен ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынып, шаруашылықтар қажетті ресурстармен қамтамасыз етілуде. Жалпы, ауыл шаруашылығы жұмыстарының барысы облыс басшылығының тұрақты бақылауында.

Атап өтсек, биыл Жетісу облысында ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 514 мың гектарды құрап отыр.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотографтар: Жұмабай Мұсабеков, Дмитрий Ерофеев, Қанат Өмірәлинов

Мәліметпен бөлісу: