Біз жемқорлыққа қарсымыз

Жуырда аудандық ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Жетісу – адалдық алаңы» жобасы аясында Алакөл гуманитарлық – техникалық колледжінің тәрбие жөніндегі орынбасары Б.Шаяхметовтың ұйымдастыруымен сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне төзбеушілік ахуалын қалыптастыра отырып, мемлекетімізде осы мәселенің алдын алу саясатының маңыздылығын түсіндіру мақсатында «Біз жемқорлыққа қарсымыз» атты акциясы өтті. Үшарал қаласының басты көшелерімен велошеру жүріп өтті. Шараға 32 велосипедші қатысты.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы М.Сүлейменов шараның шымылдығын ашып: «Бүгінгі қоғам арасындағы сыбайлас жемқорлық мәселесі аса күрделі болып отыр. Сондықтан барлығымыз – педагогтар, дәрігерлер, ата –аналар мен жастар бірлесіп осы нәубетке қарсы тұруымыз керек.  Адам баласын тура жолдан тайдыратын, өмірін тас-талқан ететін парақорлық дерті халқымызға, мемлекетімізге қауіп төндіретіні сөзсіз»,-деп білімгерлерге бармақ басты, көз қысты әрекеттердің үлкен дерт, түпсіз құрдым екенін түсіндіре кетті.

Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Г.Жексембаева жер шарындағы әр мемлекет жемқорлықтың алдын алып, оны жою үшін қызмет ететіндігін және еліміз де білек сыбана кірісіп, парақорлықтың алдын алу қамын ойлап түрлі әрекеттер жасап жатқанын тілге тиек етті.

Аталмыш колледж директоры Ә.Ибрагимов: «Мемлекетімізге зиянын тигізетін әлеуметтік індетті ауыздықтаудың алдын алу шаралары біздің де білім ордамызда іске асып жатқандығы мені қуантады. Білімгерлеріміз арынша білімді, бәсекеге қабілетті болу керек. Біз бұл мәселені түп тамырымен жоймасақта, осы індеттің алдын алып жол бермеудің амалын ойлауымыз керек »,-деп атап өтті.

Артынша тәртіп сақшыларының бақылауымен велосипедшілер мен колледж ұстаздары сыбайлас жемқорлыққа байланысты түрлі көрнекіліктермен Үшарал қаласының басты көшелерімен жүріп өтті.

М.НҰРҚАСЫМОВА.

Мәліметпен бөлісу: