Біздің қаһармандар…

Қазір әлем бойынша моральдік және қаржылық дағдарыс белең алып, пандемия салдарынан көптеген арман-мақсаттарымыздің қанаты қиылғаны мәлім. Карантиндік режим енгізілгеннен кейін көптеген жеке кәсіп субектілерінің жұмысы уақытша тоқтап, елдің әлеуметтік жағдайы сәл әлсірегенін байқаймыз.

Осы қиын да ауыр уақытта ешқандай кедергіге қарамастан, өзінің денсаулығы мен өмірін таразы басына тастап, халықтың қамы үшін қызметтерін жалғастырып жатқан жандар да жетерлік. Олардың қатарында денсаулық сақтау, полиция, өрт сөндіру, төтенше жағдайлар бөлімі, мемлекеттік қызметшілер, журналистер және өзге де күнделікті тұрмысқа қажетті саланың мамандары бар. Бұлардың барлығына халық «Қаһармандар» деген атақ теліп, айрықша құрметтейтіндері де белгілі.

Каранин талаптары мен ережелерінің сақталуына бас-көз болып, тыныштық тұғырының теңселмеуі үшін барларын салып жатқан тәртіп сақшылары да осы алмағайып мезетте тынымсыз еңбек етуде. Мезгілсіз жүріп-тұру, қоғамдық орында көптеп жиналмау, көшеде бетперде тағу, дүкендер мен өзге де қызметін жалғастырып жатқан мекемелерде кезек пен ара-қашықтықты сақтау сынды сырқат таралуының алдын алатын ережелердің орындаулын қадағалап, коронавирусты жеңуге елеулі үлестерін қосып келеді.

Ал осы адамзат баласы мен тәжвирусының жаға жыртысқан арпалысында алдыңғы шепте жүргендер әрине – дәрігерлер.

Өздерінің шипалы қолдарымен әр науқасқа шуақ сыйлап, сырқаттарынан құлан таза айығып кетулері үшін өз денсаулықтары мен өмірлерін бәске тіккен ақ желеңді абзал жандардың құрметі мен қажеттілігі жаңа деңгейге көтерілді десек те болады. Ауруханаға жұмылған жұрт көгілдір экранды жайлаған жұлдыздар емес, дәл осы дәрігерлердің жұмысының ең қадірлі екенін түсініп, оларға күнделікті алғыстарын жаудырудан жалыққан емес. Әлеуметтік желілерден аңғарғанымыздай, көптеген парақшаларда сырқатты ауыздықтауға септескен медицина саласының қызметкерлері жайында оң пікірлерін қылдырып, аурумен алысқан күндерін көздерінен жас тамыза еске алуда.

Мәліметтерге сүйенсек әлем бойынша да, еліміздің аумағында да коронавируспен күрес барысында сырқат жұқтырып, мезгілсіз ажал құшқан ақ желеңділер жетерлік. Олардың қатарында медбикелер де, белгілі дәрігерлер мен медицина саласының майталмандары да бар. Өзгенің өмірін құтқарамын деп өз өмірлерінен айырылған бұл азаматтарды барша халық мәңгілік батыр санайтынары да рас.

Өкінішке орай, тәжвирусының тамыры біздің де ауданға жайылып, біраз жерлестеріміз сырқаттың салмағын сезді. Кейбірі о дүниелік те болды. Алайда білікті дәрігерлеріміздің жанкештілігінің арқасында көптеген науқастар ауруынан жазылып, отбасыларымен қауышты. Оларға ақ желеңділер екінші өмір сыйлап, бала-шаға мен ата-аналарның қасында болуларына мүмкіндік берді. Айтуға оңай болғанымен, іске келгенде өте ауыр жауапкершілік пен іс.

Біздің қаһарманар… Бұл атаққа коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүрген әр азамат лайықты деп білеміз. Күндіз күлкіден, түнде ұйықдан тыйылып, жұрттың игілігі үшін тыным көрмейтін жерлестеріміздің еңбегі өлшеусіз.

Осындай батыл да білікті, жанашыр да жауапты жандардың ішінен іліп аларлық, «Біздің қаһармандар» деп атауға әбден лайықты дәрігерлер бар.

Кезегімен атай кетсек, алғашқылардың бірі ретінде аудандық орталық ауруханаға қарасты жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты инфекционист дәрігер Лаззат Алибековнаны атауға болады. Есейіп, ес білген мезеттен бері дәрігер болуды армандап, өз мақсатына жетуде ешқандай да қиындықтан кейіп көрмеген Л.Бижанова өзінің табандылығының арқасында бүгінде тәжірибелі маман болып отыр. Еңбек жолын қарапайым лауазымнан бастап, бүгінде жауапкершілігі өте жоғары саналар, әсіресе қазіргі пандемия кезінде салмақтың ең ауырын көтеріп отырған жұқпалы аурулар бөлімін басқаруда. Күнделікті тәжвирусымен күресте кейін шегінбей, өзінің қызметіне деген аса махаббаты мен әр науқасқа туғанындай қарап, бар күш-қайратын сарп ете көмегін аямайтын дәрігерге айтылар алғыс мол. Өзінің қалтқысыз қызметінің арқасында жұрттың ризашылығы  мен жоғары санатты инфекционист дәрігер деген беделге көтеріліп, бүгінгі таңда үлгілі еңбек етуде.

Дәл осы бағытта көш басында жүргендердің бірі – реанимация бөлімінің меңгерушісі, раниматолог-анестезиолог Талғат Дәулетұлы.

Қателікті көтермейтін, кемшілікті кешірмейтін жауапты қызметтегі анестезиолог-реанематологтардың әр ісі тәуекелге толы. Өйткені хал үстінде жатқан адамның өмірі, олардың аяқтарына тік тұрып кетулері, тиісті органдарға жасалған отаның сәтті аяқталуы, ағзаға керекті мөлшерде жансыздандырғыш дәрінің берілуі тікелей осы кісілерге байланысты. «Артық», «кем» деген түсінікпен істес болмайтын бұл дәрігерлер адамның жасына, салмағына, сырқатына қарай «Наркоздың» белгілі көлемін, түрін анықтап, ота барысында науқастың хал-ахуалының нашарлап кетпеуіне баскөз болады. Төтенше жағдайлар туындаса тиісті шаралар қолданып, алдындағы адамның ажалмен арпалысына араша түспек.  Алғашқыда реаниматолог болып қызмет еткен жас маман, араға жыл салып анестезиолог-реаниматолог ретінде бекітіледі. Титтей де бір олқылыққа орын берсе алдындағы сырқаттың тұрмай қалуы да ықтимал екендігін түсінген ол, бұл жердегі алғашқы күндерін қорқыныш, қобалжу, толқу сынды сезімдермен арпалысумен  өткізеді. Себебі оның басты міндеті ота кезінде науқастың ағзаларын уақытша жансыздандыру, яғни «Наркоздың» тиісті мөлшерде берілуін, олардың жүрек қағысын, қызуын, қан қысымын, тыныс жиілігін қадағалап отыру. Сырқаттың хал-ахуалының нашарлап кетуінің, ота үстеліндегі өлімнің, өмір сүруге маңызды органдардың жұмысының тоқталуының, төтенше жағдайлардың алдын алу болып табылады. Ал адам өмірінің сақтандырушысы болу оңай шару емес екендігі айдан анық. Шынтуайтқа келсек, «анестезиолг-реаниматолог» болу кез-келген адамның қолынан келе бермейтін іс. Бұл өте жауапкершілікті, ұқыптылықты, тиянақтылықты қатаң талап ететін мамандық. Ал аты айтып тұрғандай  наркологиялық элементтерден тұратын «Наркоздың» пайдасымен қатар адам денсаулығына тигізерер зияны да аз емес.  Арагідік ота үстінде науқастың оянып кетуі, есте сатау қабілетінің нашарлауы, төсек тартып жатып қалуы сынды кері әсерлерге де әкеліп соғу мүмкіндігі де баршылық. Ал біздің кейіпкердің еңбек жолына назар аударсақ бұндай олқылықтардың орын алмағанын аңғарамыз. Жанындағы әріптестерінің, өз тәжірибесінің арқасында талай адамның алғысына да бөленген. Тиянақты ісінің өтеуіне басшылық тарапынан мақтауға да, түрлі сыйлықтарға да ие болған.

Жауапкершілігі ұшан-теңіз жолды таңдаған қаһармандардың келесісі – терпия бөлімінің меңгерушісі, терапевт дәрігер – Ақмарал Қайратқызы.

Өзінің нәзік жандылар қатарынан екендігіне қарамастан жұдырықтай жүрегіне ерлерге тән қайсарлық пен батылдықты ұялатқан дәрігер қыз қызметке орналасқан алғашқы күндерінен өзінің осы салаға әбден берілгендігін және ісінің білгірі екендігін көрсетті. Сондықтан да жастығына қарамастан қазіргі таңда терапия бөлімінің меңгерушісі лауазымын бағындырып, өнімді де үлгілі еңбек етуде. Алдына келген әр науқастың жағдайына кіріп, олардың сана-сезімін толықтай түсінуге тырысатын А.Масалимова қызмет жолында кемшіліктерге бой алдырмай, тек жақсы жағынан ғана танылып келеді.

Тағы да бір қаһарман ретінде аудандық орталық аурухананың реаниматолог-анестезиолог дәрігері Данияр Берікханұлы атауға болады. Көзінен жалын атқан жас маман аз ғана уақыттың ішінде медицина саласында өзіндік орны бар білікті дәрігер екендігідін көрсетті.

2017 жылы университетті терапия мамандығы бойынша  аяктап, аудандық орталық ауруханаға участкелік терапевт болып жұмысқа орналасқан Д.Нұрқасымов 1 жыл ішінде аурухана директоры А.Бутабаевтың жолдамасымен реаниматолог-анестезиолог мамандығын оқып, жансақтау бөліміне ауысқан. Сол мезеттен бері жастардың арасында темірқазық жұлдыздай жарқырып, болашағына қарай сенімді қадамдар басып келеді.

Білікті маман бір сөзінде: «Дәрігер болу менің балалық арманым, өмірлік мақсатым болды. Сол арманымның қанатына жабысып, бүгін міне осы мамандықты меңгеріп, қызмет етудемін. Атап өтерлігі, біздің ауруханада  жас мамандарға көмек көптеп көрсетілуде. Мен алғаш жұмысқа орналасқан күннен бері алдыңғы толқын дәрігер аға-әпкелеріміз бізді алдыға жетектеп, бүгінгі бедел биігімізге шығарды. Сонымен қатар мемлекет те өз көмегін аямауда. Атап өтсек тұрғын үймен қамту, көтерме жәрдемақы беру, қаржылай және моральдік тұрғыда қолғабыс ету ісі бір жолға қойылған. Бұл біздің, жас мамандардың алаңсыз қызмет етіп, ел болашағы үшін жұмыла кірісуімізге үлкен септігін тигізіп отыр»,- деп, мемлекет пен тәжірибелі әріптестеріне алғысын жеткізген еді.

Мемлекет болашағы дені сау ұлттың қолында екендігі мәлім. Себебі жаһандық бәсекедегі бәсіміздің артып, әлем аренасындағы беделіміздің биіктеуіне әр азаматтың денсаулығының мықты болуы маңызды фактор болмақ. Осы ретте шипалы қолымен шуақ сыйлап, адам өмірінің қарауылында тұрған медицина саласы қызметкерлерінің істері үнемі іргелі, еңбектері қашанда қадірлі. Гиппократқа қана емес Алла алдында да ант берген ақ желеңді абзал жандар науқаспен қоса ауырып, оларға ем қонғанша маза таппайтыны тағы бар. Үстілеріндегі халаттай жандары да пәк келетін дәрігерлердің қоғамдағы дәрежесіне дақ түсіру мүмкін емес.

Шынымен, әр дәрігер бүгінгі күннің қаһарманы, батыры саналады. Олардың тынымсыз еңбегі, қалтқысыз қызметі үнемі қоғамның назарында және жоғары құрметке лайықты.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: