COVID-19: Созылмалы аурулары бар науқастарға вакцина қалай салынады

Сарапшылар вакцинаның пандемиядан құтылудың бірден бірі жолы екенін қайталадыдүние жүзінде барлық жұқпалы дерттің екпесі әлі жоқ. Мамандар айтқандай, қазіргі вакцинаның тиімділігі 50 пайыз болса да, ол адам өмірін сақтап қалуға көмектеседі. Екпенің көмегімен аурудың асқынуынан, мүгедектік пен өлім-жітімнің азаюына қол жеткізуге болады. Сондықтан вакцина салудан бас тартпаған дұрыс. Халықты толық вакцинациялау нәтижесінде «ұжымдық иммунитет» қалыптастыруға болады.

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы диеректорының орынбасары Айнагүл Қуатбаеваның айтуынша, қазіргі таңда жер бетінің 99,9% полиомиелиттен, ал Қазақстан безгектен вакцинаның көмегімен құтылды.

«Қызылша мен қызамық, паротит вирустарынан да түбегейлі құтылатын күн жақын. Егер ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін жаппай вакцина салдырсақ, әрқайсымыздың Covid-19 пандемиясын тоқтатуға үлкен үлес қосқанымыз»,-деді Айнагүл Қуатбаева.

Қазіргі жағдай бойынша Қазақстанда науқастардың жалпы саны азайғанымен, ауруханаларда ауыр халде жатқан ковид жұқтырғандар саны өсіп келеді. Олардың көбінде созылмалы аурулары асқынған. Соның салдарынан ауыр халде.

«Біз COVID-19 туралы көп нәрсе білеміз, бірақ болашақта SARS-CoV-2 коронавирусының жаңа әсері де байқалуы мүмкін», – деп қосты ол.

Айнагүл Қуатбаеваның айтуынша, осы жылдың 1 ақпанынан бастап елімізде 34 мыңнан астам адам COVID-19 қарсы егілді. Вакцинациялаудың екінші сатысында 16 мыңнан астам адамға вакцина салынады.

«Екпе жасатқан адамдардың ахуалын мониторингтеуге баса назар аударылады. Ол электронды жүйе арқылы жүргізіледі. Біз олардың жағдайын қадағалап, бақылаймыз. Біріншіден, вакцинация жұмысы әр адамның жеке келісімі арқылы жүзеге асырылады. Бұл түсіндіру жұмыстары мен медициналық тексеруден кейін атқарылатын арнайы процедура болып саналады», – деді ол.

Екпе салдырған адам егу бөлмесінің жанында орналасқан арнайы бөлмеге 30 минутқа жатқызылады. Осыдан кейін үш күн бойы медициналық бақылауда болады. Нәтижесінде, 415 адамда екпеден кейінгі реакциялар тіркелді, оның ішінде 267 жағдай жалпы жағдай деп есептеледі, ол дене қызуының көтерілуімен сипатталады. Дәрігер егуден кейін мұндай жағдай орын алса, ол арнайы ем-дом қолдану керек емес екенін айтты. Бұл вакцинациядан кейінгі күтілген реакция болып табылады

ҚР ДСМ фтизиопульмонология ұлттық ғылыми орталығы директорының клиникалық және ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ләззат Ералиеваның айтуынша, SARS-CoV-2 коронавирусы тұмау вирусы сияқты мутацияға ұшырайды.

«Егер біз тұмауға қарсы вакцинаны мысалға алсақ, онда өндірушілер әр 6 ай сайын вакциналардың құрамын  уақытқа  және аймаққа қарай тұмау штаммына байланысты өзгертеді. Егер SARS-CoV-2 вирусы маусымдық вирустар санатына ауысса, онда өндірушілер эпидемиологиялық белсенді штаммға байланысты Оңтүстік жарты шарда немесе Солтүстік жарты шарда вакцина құрамын өзгертеді», – деді Ләззат Ералиева.

ҚР ДСМ Бас онкологы, «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ Басқарма төрағасы Диляра Қайдарова NCCN, МСК, ASCO-ның онкологиялық пациенттерді коронавирусқа қарсы вакцинациялау бойынша  ұсыныстарын айтты. Ол онкологиямен ауырып жүрген адамдар коронавирус жұқтырса, қайтыс болу қаупі жоғары болатынын ескертті.

Сонымен, онкопациенттерде Covid-19 ауыр өтуі мүмкін және коронавирустан қайтыс болу қаупі жоғары, осыған байланысты SARS-CoV-2-ге басқа көрсетілімдерге (мысалы, жасына) қарамастан вакцинациялануға басымдылық берілуі тиіс.

«Ковидтен онкологиялық науқастардың өлімі науқастың жағдайына, жасына және т.б. байланысты 11-ден 35% – ға дейін құрайды. Науқастың жағдайына байланысты онкологиялық аурулары бар барлық пациентті вакцинациялау қажет. Иммуносупрессивті науқастарда иммунитет қалыптасуы қиын болуы мүмкін екенін ескерген жөн» – деп түсіндірді бас онколог.

Оның айтуынша, шешім қабылдарда  қауіптер, пациенттің жасы, жалпы жағдайы, қандағы лейкоцит пен нейтрофилдің деңгейі ескеріледі. Сонымен қатар, қазір вакцина екі рет салынатынын ескере отырып, онколог емдеуді бастау немесе жалғастыру мерзіміне қарай шешім қабылдауы керек. Әсіресе, бұл енді ем бастаған науқастарға қатысты.

«Тек гормондық терапиямен ауыратын науқастар COVID-19 вакцинациясына жатпайды. Хирургиялық емдеуге жіберілетін пациенттер хирургиялық араласуға дейін немесе одан кейін вакциналанады. Қатты ісігі бар пациенттер мамандандырылған ем басталғанға дейін 2 апта бұрын, цитостатикалық ем қабылдайтын пациенттер қажет болған жағдайда ем аяқталғаннан кейін вакциналанады», – деді ол.

Онколог оның пациенттерінде коронавирусқа қатысты мәліметтер аз екендігін айтып, алаңдады.

«Ресейде онкологиялық науқастарға «Спутник V» вакцинациясы бойынша клиникалық зерттеулер енді ғана басталды. Қазақстандық вакцина бойынша деректер жоқ. Ең бастысы – әр пациентке жеке көзқараспен қарау керек. Бұл ретте антиденелердің деңгейін тексеру қажет емес», – деді Диляра Қайдарова.

Вакцинацияны тек мРНҚ вакциналармен жүргізу керек. Хирургиялық емдеуге жіберілетін пациенттер операцияға дейін немесе одан кейін вакцинацияланады. Онкологтың түсіндіруінше, үлкен ісігі бар пациенттер мамандандырылған ем басталғанға дейін 2 апта бұрын (мүмкіндігінше) вакцинацияланады. Цитостатикалық ем қабылдайтын пациенттер қажет болған жағдайда ем аяқталғаннан кейін вакцинацияланады.

Дәл қазіргі уақытта Қазақстанда коронавирусқа қарсы екпе салу науқаны жүріп жатыр. Қолданыста ресейлік «Спутник V» вакцинасы. Бүгінде Ресейден әкелінген 22 мың доза вакцина пайдаланылды. Сонымен қатар, Қарағанды фармацевтикалық компанияларында өндірілген вакциналар қолданылады. Спикердің мәліметінше, наурыз айында 9 мың доза, ай соңында 150 мың доза, ал сәуір айында тағы 600 мың доза келіп түседі деп күтілуде. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін жалғасады.

Дереккөз: https://strategy2050.kz/news/covid-19-sozylmaly-aurulary-bar-nau-astar-a-vaktsina-alay-salynady/

Мәліметпен бөлісу: