Дәрігер қыз

Адамзат баласына тән іңкәрлік пен сүйіспеншілікті, махаббат пен сұлулықтың бар болмысын шынайы өз бойына сіңіре білген ақ пейілді, дархан жүректі нәзік жандардың өмірде алатын орны ерекше. Көктем келіп, бәйшешектер бүр жарған шуақты шақпен қатар келетін Халықаралық әйелдер мерекесінің қарсаңында халыққа адал еңбек ететін ақ желеңді нәзік жандылар жайлы сөз қозғамамау мүмкін емес.Адам өміріне араша түсетін осынау жауапты мамандықты таңдау маңызды шешім. Ал халық денсаулығының мықты болуы – еліміздің медицина саласында еңбек етіп жүрген дәрігерлердің қолында екені мәлім.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың: «Еліміздің келешегі жастардың қолында»  деген сөзінде кейінгі толқын өкілдеріне қандай жауапкершілік жүктеп отырғанын айқын көрсетеді. Заманымызға қарай бәсекелестікке қабілетті болуымыз керек. Ел ертеңі – бүгінгі ұрпақ екенін үнемі жадында сақтайтын, Президентіміздің бағыт-бағдар берген сара жолымен ілгері басып келе жатқан, ауданымыздың денсаулық саласында тынбай еңбек етіп жүрген жас дәрігерлердің бірі Салтанат Ғалымжанқызы.

С.Құдайбергенова 1993 жылы 14 тамызда Көкшетау қаласы Ғ.Мүсірпов ауданы Гавриловка ауылында дүниеге келген.2000-2006 жылдары Көкшетау қаласы  М.Ғабдуллин атындағы №3 орта мектепте, 2006-2011 жылдары Астана қаласы №48 мектеп-лицейінде білім алады. 2011-2013 жылдары Қарағанды Мемлекеттік Медицина Университеті жалпы медицина факультетінде оқуын жалғастырып, жанұя жағдайына байланысты елордадағы Астана медицина университетіне ауысады.2016 жылдары аталмыш білім ордасын тәмамдап, 2018 жылы ішкі аурулар бойынша интерн атанады.

Бүгінгі күнде Үшарал қаласының тұрғыны Ерасыл Советқанұлына  тұрмысқа шығып, 2018 жылдың тамыз айынан бастап өңіріміздегі іргелі мекемелердің біріаудандық орталық ауруханасында терапевт-дәрігер қызметін атқаруда.

«Күнделікті терапия бөліміне 2-3 науқас порталмен түседі.Емделушілердің көбісі созылмалы ауруламен, жүректің ишемиялық ауруы, өкпенің созылмалы обструкциялық сырқаттарымен түсіп жатады. Дегенмен дәрігер ретінде берген кеңестеріме құлақ асып, өз денсаулығына ең алдымен өзі жауапты екенін дұрыс сезіне білетін, тағайындалған емін уақытымен дұрыс қабылдап, сауығып кетуге талпынатын емделушілерді көргенде жаным жадырайтыны рас. Ондайда өз еңбегімнің еш кетпегеніне қуанамын, әрине»-дейді жас маман.

Жаңа жұмысқа орналасқан соң бірден белсенділік танытқан Салтанатты аурухана директоры А.Бутабаев аудандық «Көшбасшы-2018» жастар сыйлығына ұсынып, өткен жылы аудан әкімініңжастар сыйлығының «Үздік дәрігер» номинциясының иегері атанды. 1 желтоқсан – тұңғыш Президент күніне орай жауапты қызметі үшін Алғыс хатпен марапатталған. Бұл өз ісіне енді кіріскен жас маман болса да жүктелген қызметіне жауапты екенінің дәлелі.

Жанындағы адамдарға қуаныш сыйлау, олардың қиындығына ортақтасу кез келгеннің қолынан келе бермесі мәлім. Ажалмен арпалысқан алған ақ халатты ардақты жандардың еңбегі қашанда ескерусіз қалмайды. Дәуіріміз дәл бүгінгі кейіпкеріміздей сауатты, білікті жас мамандардың көбейгенін талап етіп отыр. Болашақта бұл абзал жанның үлкен жетістікке жететіні — біздің тілек пен сенімде. Шуақты мерекеде қызметіне қызу кіріскен Салтанат Ғалымжанқызының жанұясына бақыт, көңіліне шаттық, жұмысының жемісті болуын тілейміз.

М.НҰРҚАСЫМОВА.

Мәліметпен бөлісу: