Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы еліміздің руханилыққа жетелейтін тағылымы зор бастама болды. Жобалары арқылы тарихымызды, дінімізді, тұлғаларымызды тануға зор мүмкіндік тууда.
Әрбір адам ерен еңбегінің арқасында ғана абыройлы болып, биік белестерді бағындырады. Осы тұрғыда елі үшін адал қызмет ететін, жас, дарынды тұлғаларды мақтанышпен айтуға болады. Солардың бірі — бабадан қалған асыл қасиеттерді дәріптеп, бойына білім нәрін сіңіріп жүрген жерлесіміз Сабира Серікжанова. Жас та болса, оның атқарған жұмыстары ұшан -теңіз, еңбегі ұрпаққа үлгі.
Ол 1985 жылы 6 шілдеде Бұлақты ауылында дүниеге келген. 2001 жылы Бұлақты орта мектебін үздік бітіріп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түседі. Мектепте алғырлығымен, зеректігімен озаттар тақтасынан түспеген Сабира мтудент кезінде де белсенділік танытады.
Білімді ару алғашқы еңбек жолын Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасында бас маман болудан бастайды. 2014 жылы әлеуметтану мамандығы бойынша өзі білім алған жоғары оқу орнында докторлық диссертациясын қорғайды. Сабира Серікжанқызы — әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің жанындағы әлеуметтанулық зерттеулер және әлеуметтік инжиниринг орталығының зерттеушісі, әлеуметтік жұмыс кафедрасы меңгерушісінің ғылыми инновациялық жұмыс және халықаралық байланыс жөніндегі орынбасары, доцент қызметтерін қатар атқарып жүрген ғалым. Оның ғылыми қызығушылығы қала, білім және экономикалық әлеуметтану салаларындағы мәселелермен байланысты.
Жас ғалым республикалық және халықаралық іргелі және қолданбалы зерттеулерге белсенді түрде қатысады. Атап өтер болсам, «Орталық Азиядағы жеке үй шаруашылықтарының күн-көріс стратегиялары: Қазақстан мен Қырғыстандағы қалалық және ауылдық жерлерді салыстырмалы талдау» (Фольксваген Қоры, Германия, 2011-2013), «Қырғыстан мен Қазақстандағы заңсыз қоныстану мекендері мен қалалық тіркелу» («Ашық Қоғам» Институты, Венгрия, 2010-2012) атты халықаралық және «Қазіргі кезеңдегі жастардың дүниетанымдық және рухани құндылықтары: жағдайын бағалау, мәселелері, шешу жолдары» (ҚР БжҒМ, 2014-2015); «Қазақстан қоғамының жаңа әлеуметтік құрылымы және аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуының басымдықтары» (ҚР БжҒМ, 2015-2017), «Кәсіби еңбек нарығындағы қазақстандық жоғары оқу орындары түлектерінің бәсекеге қабілеттілігін өлшеудің әлеуметтанулық индикаторлары: салыстырмалы елдік зерттеу» (ҚР БжҒМ) атты іргелі ғылыми жобалар. Сонымен қатар оның 20-дан астам ғылыми еңбегі бар. Ол АҚШ және Еуропаның жетекші ғылыми орталықтары мен университеттерінде ғылыми тағылымдамадан өткен.
Қазіргі уақытта Сабира Серікжанованың осындай жетістіктері бағаланып, бірнеше марапаттардың иегері болды. Мәселен, Қазақстан әлеуметтанушылары Ассоциациясының дарынды жас ғалымдарына арналған сыйлықтың иегері (2011), Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы Қорының жас ғалымдардың шетелдегі ғылыми конференцияларға қатысуына арналған грантының иегері (2010, 2015), «Ашық Қоғам» Институтының ғылыми зерттеу жүргізуге арналған халықаралық грантының иегері (2011-2013), жас ғалымдардың «Science Slam – Қазақстан» (2015) байқауының ақтық сынына қатысушысы (2015).
Ұлы Дала елінің ұлағатты тәрбиесімен сусындаған, оқыған, текті жерден шыққан Сабираның әлі де алар шыңы шексіз. Туған жерін рухани білімімен, ізденісімен жаңғыртқан осындай парасатты тұлғаларымыздың жақсылығын айтып, нұрын тасытып, биік шыңдардан көре берейік.
Р.Мұхаметқалиева,
Бұлақты ауылдық округі кітапханасының кітапханашысы.