Декларация тапсырмаған азаматтар айыппұл төлейді

Облыс орталығында жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі жүріп жатыр. Оған жыл басынан бері мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайлары қатысуда. Басты мақсат – әділ салық салуды қамтамасыз ету, жеке тұлғалардың кірісін бақылау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу. Бұл туралы Жетісу облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Сапар Шайкенов Өңірлік коммуникациялар қызметінде бөлісті. Жалпы есепте жылжымайтын мүлік, жер учаскелері, көлік құралдары, арнайы техникалар, шетелдік банк есепшотындағы сақталған қаражат көрсетілуі керек. Облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, 3-ші кезеңде 75 000 тұлға декларациялаудан өтеді деп жоспарлануда. Ал тапсырмаған жандарға айыппұл салынбақ. «Декларацияны 15 қыркүйекке дейін тұрғылықты жері бойынша тапсыруға болады. Атап айтсақ, «Салық төлеуші кабинеті», «Электрондық үкімет» веб-порталдары, «e-salyqАzamat», Каспий банк, Halyk, Bank CenterCredit мобильді қосымшалары арқылы ұсынуға болады. Сондай-ақ азаматтар құжатты қағаз нұсқада пошта арқылы немесе өздері барып ұсынуға құқылы», – деді департамент басшысының орынбасары. Декларацияны ұсынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бірінші рет ескерту, ал екінші рет салық салушылар ұсынбағаны үшін 15 АЕК, бұдан басқа, салық салу объектілерін жасыру кезінде төленбеген салықтар сомасының екі жүз пайызы мөлшерінде және егер мұндай құқық бұзушылық қайталанса, үш жүз пайыз мөлшерінде айыппұл салу көзделген.

Мәліметпен бөлісу: