(Қырықбай Хайроллаұлы 63-те)
«Әділдік» сөзін естісек әп дегеннен-ақ ойымызға аудандық әділет басқармасының басшысы Қырықбай Хайроллаұлы түсетіні анық. Ақиқаттың ақ туын құлатпаған ағадал ағамыз да міне 63 жастың желкесіне шықты. Тарих үшін қас-қағым сәт саналғанымен аудан үшін талай ілкімді істерді атқарған азаматтың өміріндегі бұл меже өте елеулі. Осымен 15 жылдай бір мекеменің тізгінін ұстап, көшін түзу бастаған кейіпкеріміздің ғибратқа толы ғұмырының жаұын шақтарына бір шолу жасасақ.
Алпыстан асса да аттан түсуге әлі асықпайтын ағамыз 1956 жылдың наурызында бұрынғы Талдықорған облысы Ақсу ауданы Жансүгіров кентіне қарасты Діңгек савхозында дүние есігін ашқан. Нағыз қара жұмыста ысылып, балғын күндерінен бері бірде жайлау басында жылқыға жайдақ мініп, төрт түлікті өрбітсе, екіншіде егін даласында еңкейе еңбек етті. Қамшы мен орақ, тізгін мен тәпкі ұстап, қазақы тірліктің қазаны қайнаған қойлы ауылдың тынысымен біте қайнасады. Тұлпарды тебіне мінген жігіттің мықты тақымы өмірден өз үлесін қанжығалап, кез-келген қиындықты еңсеруге үйретсе, егін даласында шыңдалған еңбекқорлығы мақсат қоя білуге, сол мақсатқа қалайда жетуге баулыды.
1962 жылы осындағы Н.Есеболатов атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, алғырлығы мен зеректігінің арқасында бірінші сыныпта да көзге түсіп, білім ордасының тірлігіне атсалыса бастайды. Бір жағынан мақсатшылдығы, екінші жағынан өжеттігінің арқасында халықты «Хайролланың баласын» қарашы дегізіп, қатарластырының алды болды. Мектеп қабырғасында шыншылдығы мен әділдігіне сүйене отырып ел сүйсінер, қызыға да қызғана қарар тұлға ретінде қалыптасты. Жоғарғы сыныптарда да замандастарына беделді, ұстаздарға абыройлы азамат ересектерше ой түйіп, үлкендерше пайымдайтын жігіт болып танылды. Несі керек, 1972 жылы Н.Есеболатов мектебін тәмамдап, бір жылдай савхозда қара жұмыстың қазанында қайнады. Сөйтіп 1973 жылы армандар мекені саналатын Алматы қаласындағы медицина институтына формацевт мамандығы бойынша оқуға түседі. Жалпы қоғаммен, ұжыммен тығыз араласып, ісінен нәтиже шығарып үйренген кейіпкеріміз мұнда да тосылып қалмады. Оқу жылының басынан-ақ жас болса да бас бола білетінін көрсетіп, топтың ұйымдастыру жұмысында белсенділік танытады. Бұл оның үлкен өмірге қадам басқан сапарының алғашқы сатылары еді.
Мамандығының сыны мен сұрауы ауыр болғандықтан кітапхана жағалап, өз білімін жетілдіруде де жетістігі мол еді. Ол үшін уақытын да аяған емес.Оқыған, тоқығанын қызметінде үйлестіру шеберлігі де орасан болды. 1978 жылы аталған оқу орнын үздік тәмамдап, Текелідегі орталық дәріхана меңгерушісінің орынбасары лауазымына орналасады. Бұл жалындап тұрған жас жігіттің осы саладағы алғашқы биігі. Араға жыл салып бұрынғы Андреев аудандық орталық дәріханасы меңгерушісінің орынбасары, ал 1980 жылы бұрынғы Бөрілтөбе аудандық орталық дәріханасының меңгерушісі болады. Тоғыз жыл осы қызметті абыроймен атқарып, артынша Ақсу №22 дәріханасының, бір жылдан кейін Ақсу аудандық орталық дәріханасының меңгерушісі лауазымын иемденеді. Сөйтіп жеті жыл бойы осы орнынан тапжылмай, халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ісінде үздіктер қатарынан ойып тұрып орын алды.
Бұл кейіпкеріміздің осы саладағы соңғы лауазымы. Себебі 1998 жылы Ақсу аудандық сотының аға сот орындаушысы қызметіне ауысқан еді. 2000 жылы Д.Қонаев атындағы гуманитарлық университетінде сырттай заңгер мамандығы бойынша білім алып, тәжірибесін жетілдіреді.
Қ.Байболовтың тағдыры ауданымыздың тарихымен 2004 жылы сабақтасты. Дәл осы уақытта ол аудандық әділет басқармасының басшысы лауазымына тағайындалып, жауапты әрі ауыр міндетті арқалайды. Алғашында бір ғана маман, бір дана компьютер жинағымен іске кірісіп, бүгінгі беделінің биігіне он бес жыл бойы адал еңбек, маңдай терімен шыққан. Қазіргі таңда ағамызды ауданда танымайтын адам кемде кем. Мансапты мақсат тұтпай, сеніп тапсырылған істі ойдағыдай жүргізу мақсатында өзге әріптестерімен үнемі хабар үзбей, олардың үздік идеяларын өз ыңғайына қарай өзгертіп, жетілдіріп отырды. Он бес жылдық қалтқысыз қызметінде кейіпкеріміз «Сыйлық алмайтын сер» атанады. Себебі өз жұмысы үшін ақы сұрап көрмеген, сыйлық берілсе де лезде бас тартатын. Өйткені оған еңбектің өтеуі емес, нәтижесі ғана маңызды. Сол мақсатшылдығы мен адалдығынының, жауапкершілігі мен әділдігінің арқасында талай марапатқа да ие болды. Солардың ілкімдісі ретінде «Астана қаласына 20 жыл», «Әділет органдары жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» медальдарын, сондай-ақ жұмыс кабинетінің керегесін көмкеріп тұрған ондаған диплом, Алғыс хаттарды айтуға болады.
Қызметінде өжет, талапшыл ағамыз отбасында өзін өзгеше ұстайды. Себебі жанұядағы жылылық пен махаббатты ең маңызды дүние деп есептеді. Ол бұл ұстанымын 1981 жылдан бері бұзған емес. Себебі дәл осы мезетте жұбайы Раушанмен шаңырақ көтеріп, өмірлік серігімен бірге болашаққа қарай атанған еді. Бүгінде үш баланы ержеткізіп, әр салада әкелеріндей адал әрі әділ қызмет ететіндей қылып жетілдірген. Үлкен қыздары Әлия да заңгер. Екінші перзенттері Әсия балабақшада тәрбиеші. Кенжелері Ғалым Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінінің магситратурасында білім алуда. Алпыс үш жастың арғымағын ерттеген ағамыз сегіз немеренің маңдайын иіскеген ардақты ата. Олардың үлкені Асыл сегізінше сыныпта оқыса, кішісі Дария??? өмірмен енді танысуда.
«Шуылдаған сәбилердің күлкісінен асқан әуен жоқ. Балаларымыз балдан тәтті еді, енді міне немерелеріміз жаннан тәтті болып отыр. «Ата, ата» деп мойыныңа асылып, құшағыңа енгенде барлығын да ұмытып, рахатқа батасың ғой, шіркін. Бұдан асқан бақыттың керегі де шамалы»,- дейді кейіпкеріміз.
Алакөлдей айдынды өлкенің айбынды ұлы өмір белесінің кезекті биігін бағындыруда. Өткені өнегелі, өр мінезді ағамызды зейнеткерлік жасқа жетуімен шын жүректен құттықтаймыз. Тар жол, тайғақ кешулерде тайып көрмеген өжеттігіңіз бен адалдықты ту еткен арда мінезіңіздің арқасында халықты алдында жүре беріңіз. Немерелеріңіз де өзіңіз секілді беделді, белді тұлғалар ретінде ержетіп, шөбере, шөпшек сүйер бақытқа да жетіңіз. Сізге деніңіздің саулығын, күш-қайратыңыздың бекемдігін, баянды бақ пен бақуатты ғұмыр тілейміз!
А.ЕСЕНБЕКОВ.