Дін адастырушы емес, біріктіруші күш

Қай уақытты алмасақ та дін мемлекет құрылысында өте маңызды орынға ие болғандыңы мәлім. Ал ХХІ ғасырда сенімді саясатқа, дінді қаруға айналдырып, күллі дүниежүзі халқының тыныштығына іріткі салушылар көбейді. Сондықтан да рухани азғындау мен теріс бағыттағы ағымдардан қазақстандықтарды сақтау үшін мемлекет тарапынан түрлі реформалар қабылданып, бағыты айқын бағдарламалар да жүзеге асуда.

Соның бірі Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017 — 2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы. Осы ретте өңір басшысының орынбасары А.Абдиновтың төрағалығымен ауданы әкімдігінің жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес отырыс өтті.

Сөз алған аудан әкімінің орынбасары А.Абдинов өңіріміздегі діни ахуалдың бүгінгі жағдайына тоқталып, ақпараттық соғыс өршіп тұрған заманда дін саясатын жүргізудегі бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі жайлы кең келөмде түсіндіру жұмысын жүргізді. Әсіресе, терроризм мен экстремизмді, дәстүрлі емес діни ағымдарды және деструктивті идеолагияны таратуға әлеуметтік желілер мол мүмкіндік беріп отырғанына жете тоқталып кетті. Себебі ғаламтор беттерінде жалған уағыз айтып жұртты жаңылдыруға тырысатындарды түгелдей бұғаттау мүмкін болмай тұр.  Әр күн сайын дін жайлы теріс түсінік беріп, жат ағымды дәріптеушілердің қарасы көбейіп келеді. Бұл жекелей елдерге де, жалпы дүниежүзі мемлекеттеріне де төнген қауіп екендігі жасырын емес.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Б.Ахметқалиев Алакөлдегі діни бірлестіктер мен мешіт, шіркеулердің бүгінгі жағдайы туралы баяндамасын оқыды.

Теолог маман Б.Тәңірбердиев дін тақырыбының аясында түйткілді мәселелерді көтеріп, мемлекетімізде діни ахуалдың бірқалыптылығын қалыптастыру үшін иман жайлы түсінікті ұрпақтар санасына тал бесіктен бастап сіңірудің маңыздылығын ескертті. Сонымен қатар деструктивті идеологияны тарату мен дәстүрлі емес діни ағымдарды дәріптеудің астарында геосаясаттық, геоэкономикалық мәселелер жатқандығын тілге тиек етті.

Артынша Қабанбай, Лепсі, Тоқжайлау ауылдық округтерінің әкімдері есеп беріп, басқарып отырған елді мекендердегі ахуалға тоқталды.

Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары А.Абдинов кеңес мүшелеріне арнайы тапсырмалар беріп, оның орындалуы жіті қадағаланатынын жеткізді.

А.АСХАТҰЛЫ.

Мәліметпен бөлісу: