Төрткүл дүниені аяғынан тік тұрғызған «терроризм» мен «діни экстремизм» қазіргі күннің басты проблемасына айналып отыр. Жекелеген тұлғалар мен жалпы мемлекетке де орасан зор кесірін тигізетін бұл түйкілді мәселені тамырынан бастап жою мүмкін болмай тұр. Себебі, ақпараттық соғыс өршіп тұрған заманда ғаламтор, әлеуметтік желілер мен парақшалармен қоса ұялы телефонның өзі содырлардың пайдасына қызмет етуде.
Бұл қиындық Қазақстанды да шет айналып өтпеуде. Жат ағымды жақтап, деструктивті идеологияны дәріптеушілер қоғамға теріс әсер етуде. «Салафизмды» салтым, «уахавизмды» бағытым деп түсініп, тегіс жерде шалынып жатқандар да жетерлік. Бұнымен қоймай, туған-туыс, тамыр-таныс, жора-жолдастарын аздыруға тырысып, мемлекетіміздің тыныш тірлігіне іріткі салуда.
Алайда, билік өкілдері бұл проблемаға құр-жай қарап отырған жоқ. Республикамыздың түкпір-түкпірінде арнай топтар құрылып, үгіт-насихат жұмыстары кең көлемде жүргізілуде. РАНТ мүшелері мен теолог мамандар жат ағымдардың жетегінде кеткендермен әңгімелесіп, дәстүрлі дініміздің дара соқпағына түсіруге тырысуда. Бұл жұмыстары уақыт өте өз жемісін де көрсетіп жатыр.
Осындай іс-сапарлардың бірінде облыстық дін басқармасының ұйытқы болуымен Үшарал қаласында діни экстремизмен терроризмге қарсы көшпелі көрме ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты еліміздегі діни ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету, зайырлық қағидаттарды ілгерілету, конфессияаралық келісімді нығайту және теріс пиғылды жат ағымдардың жолын кесу болды.
Орталық және Алакөл базарларының ауласы мен Халыққа қызмет көрсету орталығының ғимаратында өткен көшпелі көрме барысында тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, бүктемелер таратылды. Сонымен қатар, «ҚМДБ-мен мақұлданған» яки «Дін істері жөніндегі азаматтық министрліктің сараптауынан өткен» деген жазуы бар кітаптарды ғана оқуды ұсынып, ғаламтор арқылы тамырын кеңінен жайып келе жатқан жат ағымның ықпалынан сақтанудың жолдарын көрсетті. Шара барысында көптеген сұрақтар қойылып, тұрғындар да белсенділік танытты.
АЛМАТ ЕСЕНБЕКОВ.