Ауданымыздағы діни ахуалдың бірқалыптығы, конфессияаралық қатынастардың беріктігі жылдан-жылға нығая түсуде. Осы тұрақтылықтың тұғырын бекем ұстау мақсатында өңірімізде 32 діни бірлестік қызмет етуде.
Деструктивті идеологияны дәріптеушілер мен жат ағымдарды жақтаушылардың пасық пиғылдарының алдын алу және діни экстремизм мен терроризмге тосқауыл қою ниетінде аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында кезекті коммиссия отырысы өтті.
Алқалы топтың басын қосқан айтулы жиынға өңір басшысы Ә.Жақанбаев төрағалық етті.
Күн тәртібінде лаңкестік әрекеттерге осал объектілердің күзетілуі мен қорғалуы және шет елдерден келген азаматтардың құжаттарын тиісінше тексеріп, оларды бақылау мәселелері қаралды.
Алғашқы тақырыпқа байланысты аудандық ішкі істер бөлімі басшысының орынбасары Е.Исаханов, 2484 әскери бөлімі командирінің орынбасары Д.Хамитов баяндама оқып, басты проблемалар төңірегінде әңгіме өрбітті. Ал көші-қон қызметі тобының аға инспекторы, полиция майоры Ж.Темірбаев, аудандық білім бөлімінің басшысы М.Төлеужанов пен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы М.Сүлейменов өңірдегі діни ахуал, білім ордаларындағы бірыңғай форманың сақталуы, оқушылар арасында орамал тағуды тыю, қызметтік, тұрмыстық жағдайлармен шет елдерден келіп-кетіп жатқан азаматтарды бақылау, тексеру сынды тақырыптарды қозғады.
Жиынды қорытындылаған өңір басшысы Ә.Жақанбаев әсіресе, адамдар көп шоғырланатын орындардағы бейнебақылау камераларының санын арттыру, террорлық әрекеттере осал деп танылған объектілердің аумағындағы қоршауларды нығайту, күзет қою сынды мәселелерді басты назарға алуды тапсырып, аудандағы барлық ауыз су мұнараларыныңқауіпсіздігін күшейтуді міндеттеді.
Сонымен қатар әр ауылдық округ әкімдеріне тиісті органдармен қоян-қолтық жұмыс жасауды ескертіп, керек болса апта сайын есеп беріп отыруды міндеттеді.
АЛМАТ ЕСЕНБЕКОВ.