Жуанышбаев Ерік Өсербайұлы

Еңбегі еленген ер


Әр адамның тұлғалық қасиеттерін ұлғайтып, қоғам арасындағы беделін  өсіретін бірден бір артықшылық – еңбек. Қай заманды алсаңыз да ел мүддесін көздеген қызмет, халық пайдасына жараған істің өтеуі – бұқараның құрметімен сабақтасып жатады. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де өзінің саналы ғұмырының басым бөлігін адал еңбекке арнап, қауым ортасында аса биік сыйға ие болған азамат.

1960 жылдың 17-ші шілдесінде шыр етіп дүние есігін ашқан арда тұлға, нағыз еңбектің қара қазанында қайнап, жастайынан бас бола білген, қарапайым құрылысшыдан белді де беледі кәсіпкерге айналған, халықтың сеніміне ие бола отырып, бірнеше шақырылымда депутаттық мандатты абыроймен арқалаған азамат Жуанышбаев Ерік Өсербайұлы бүгінде зейнеткерлік жасқа де жетті.

Бала күннен әкесінің бекзат тәрбиесін көріп, еңбекке ерте араласқан  ағамыз «Өсербайдың ұлын қарашы» дегізер жігіт болды. Ауыл үлкендерінің атынан қалмай, солардың басқан әр ізінен үлгі ала отырып, өзінің де сара жолын қалыптастыра білді. Өз заманының сұранысына сай 17 жасында Қазақстан ауылындағы орта мектепті тәмамдап, «Сарықұм» кеңшарында құрылысшы болып, еңбек мансабының алғашқы баспалдағын басты. 1979-1981 жылдар аралығында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп, әскерден оралғаннан кейін Талдықорғандағы құрылыс техникумында және Алматыдағы Каспий қоғамдық университетінің құрылыс бөлімінде білім алды.

1984-1986 жылдар аралығында аудандық ауыл шаруашылық «Сельхозхимия» бірлестігінде құрылыс мастері, 1986-2005 жылдары аудандық орман шаруашылығында цех басшысы болды. Жеке кәсіпкерлік мұхитын бағындыруды 2006 жылы бастап, «Айнура и К» ЖШС-ның басшысы атанды. 2015 жылға дейін осы серіктестіктің көшін алға сүйрей отырып, өңіріміздегі біршама әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеуде абыройлы еңбек етті. Қазақтың көне кәсібі мал шаруашылығын игеру мақсатында  2015 жылы «Ер-Асыл» шаруа қожалығын құрып, осы күнге дейін төрағасы болып отыр. Осы қожалық арқылы мал басын асылдандыру мақсатында «Сыбаға» бағдарламасы арқылы бірталай асыл тұқымды герефорд ірі-қарасын өңірімізге алып келген еді. Бұдан бөлек иен далада дән егіп терлеген диханшылардың да қатарынан көрініп, егістік алқабындағы тынымсыз тірлікте де біршама табысқа кенелуде. Бір айта кетерлігі, осы бастамалары арқылы қашама отбасыны, қаншама адамды жұмыспен қамтып, заман сұранысына сай лайықты жалақыны да төлеуде.

«Ауылына қарап – азаматын таны» деген қазақта нақыл сөз бар. Ерік ағамыздың нағыз ер екендігін ауылына жасаған демеушілік қызметтерінен де айқын аңғаруға болады. Аядай ғана ауылдың көркін кіргізіп, тұрғындардың кеңінен тыныс алып, тынығуына лайықты саябақ салған да осы кісі. 2018 жылы өз қаражатынан 15 миллион теңге жұмсап, Қазақстан ауылының қақ ортасынан сәні келіскен саябақ тұрғызды. Қайыымдылық көмектерден де кенде қалмаған ағамыз талай отбасын азық-түлікпен, қажеті тұрмыстық заттармен қамтамасыз етуде де алдына жан салмаған.

Бұдан бөлек ағамыздың халық адамы екендігін де айта кеткен жөн. Аудандық мәслихаттың бірнеше шақырылымында депутат ретінде сайлануы Ерік Жуанышбаевқа билік өкілдерінің де, бұқараның да сенімі мол болғандығын аңғарамыз. Халық қалаулысы ретінде қызмет еткен шағында өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуына, қоғамның хал-ахуалының жақсаруына, өңіріміздің көркеюіне, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне орасан зор еңбегін сіңірді.

Өзінің еңбек жолында халыққа еткен қызметі мен адал істері үшін «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл», «Қазақстан Республикасы мәслихатына – 20 жыл», «Қазақстан Республикасы мәслихатына – 25 жыл», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 30 жыл» медальдарымен марапатталған. Ауданның тыныс-тіршілігінің оң бағытта қалыптасуына және демушілік қызметтеріне орай 2013 жылы «Жыл демеушісі» аталымының жеңімпазы атанды. Екі мәрте мемлекет басшысының Алғыс хатын, «Ұлт даңқы» орденін, «Құрылысқа сіңірген еңбегі үшін» орденін иеленді. 2020 жылы «Алакөл ауданының Құрметті азаматы» атағын қоржынға салды.

Тәртіп пен табандылықты талап ететін қызметтен бөлек ағамыз үйде асқар тау әке, адал жар, алақаны жұмсақ ата. 2 перзентінен бүгінде 3 немере сүйіп, өзінің өмірлік сапарынан алған өнеге-үлгісін осы ұрпақтарының бойына дарытуда. «Әке көрген оқ жонар» демекші, тал бесіктен талмай берген тәлім-тағылымның арқасында арттан ерген бала-шағасы да үзідіктер мен озықтардың қатарында.

Біз де өз тарапымыздан Ерік Өсербайұлын асқаралы 63 жастың биіін бағындырып, зейнеркерлікке жетуімен шын жүректен құттықтаймыз. Ауданның көшін сүйреуде талмай-танбай еңбек ете беруіңізге тілектеспіз. Бағындырар белестеріңіз биіктеп, жетер жетістіктеріңіз молая берсін.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: