Жыл өткен сайын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесінің маңызы артып, халық арасында жаңаша сипат алуда. Әсіресе, биыл «ЕХРО – 2017» халықаралық көрмесінің өтуі, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының аясында атқарылып жатқан жұмыстар Мемлекет басшысының еңбегін еселеп, беделін арттыра түсті.
Жылдағы дәстүр бойынша айтулы мейрамға орай З.Қойшыбаева атындағы мәдениет үйінде «Бір Отан! Бір тағдыр! Бір Елбасы!» атты салтанатты жиын өтті.Оған мекеме, ұйым басшылары, жергілікті окруктардың әкімдері, ұстаздар мен дәрігерлер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Шараның басында көрермендер назарына Президенттің балалық және жастық шағы туралы деректі фильм ұсынылды. Көрсетілімде Ұлт көшбасшысының жақындары мен сыныптастары оның ерте жасынан ақылды, зерек болғандығын тілге тиек етіп, жақсылыққа жаны құмар жігіттің жасаған игі істерін естеріне алды.
Мерекелік жиынның алғашқы құттықтау сөзін алған аудан әкімінің орынбасары А.Абдинов еліміздің бүгінгі жеткен әр жетістігінде Елбасының қолтаңбасы барын, Мемлекет басшысының сарабдал саясаты бізге Мәңгілік елге қарай аяқ басуға жол ашқандығын айтып өтті.
Сондай – ақ Тұңғыш Президент күніне орай оқушылар арасында ұйымдастырылған ақындар мүшәйрасының, пікірталас турнирінің және шығарма байқауының жеңімпаздарын марапаттады.
Жылы лебіздер легін аудандық мәслихаттың депутаты А.Қасымжанова, облыс әкімінің «Көшбасшы – 2017» жастар сыйлығының иегері, 40398 әскери бөлімінің аға сержанты А.Шакенов жалғап, тағдыры туған елінің дамуымен, келешегімен тұтасқан Елбасының еселі еңбегінің арқасында Тәуелсіздігіміз тұғырлы, бейбітшілігіміз баянды, бірлігіміз бекем екендігін баса айтты.
Салтанатты жиын аудан өнерпаздарының дайындаған мерекелік концертіне ұласты. Орындалған патриоттық әндер мен рухты билер байтақ даламызда қанатын кеңге жайған азат, өрге ұмтылған өжет елімізді көз алдымызға әкелді.
Г.Асенова.