Еңбектер ақталған күн


Бүгін мемлекет басшысы Қ.Тоқаев еліміздің өркенді қанат жаюына үлес қосып, ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген азаматтарды «Республика күніне» орай қабылдап, марапаттарын табыстырды.
Салтанатты қабылдауда Президент 2024 жылы ел басына туған небір нәбаттарда күллі қазақстандықтардың бір атаның баласындай бірігіп, барлық қиындықтарға иық тірестіре төтеп бергенін ерекше атап өтті. Әсіресе, су тасқыны кезіндегі тауқіметпен күресте өзінің елжандылығын, патриоттық сезімін айрықша көрсеткен тұлғаларымыз да болды. Олардың ешқайсы да ескерусіз қалмайтыны рас.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы ел аумағында атқарылған ауқымды істерді жіпке тізіп, алдағы мақсатты міндеттерді айқындап берді. Экономикалық-әлеуметтік тұрғыда дамуымызға негіз болған басты факторларды атап өтті.

Инфрақұрылымға ерекше назар аударылуы, ауыл шаруашылығына ден қойылу, кәсіпкерлік пен өнеркәсіптің кеңінен қанат жаюы да ел азаматтарының еңбекқорлығының және тастүйін ымырашылдығының арқасында екендігін тілге тиек етті.
Ең бастысы, жыл бедерінде және де тәуелсіздік тұғыры көтерілген уақыттан бергі аралықта дүйім жұртшылықтың қамы үшін қадам қылып, әр салада үздік әрі озық азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттап кетті. Еңбектің, маңдай тердің бағаланған сәті де осы болды.


Алмат ЕСЕНБЕКОВ,
«Алакөл» газетінің бас редакторы.

Мәліметпен бөлісу: